Таза Қазақстан: Наурызбай ауданында 7 мың текше метр қоқыс шығарылды

Бұл шаруаға 71 техника мен 371 жұмысшы жұмылдырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Алматыдағы 142 көше ретке келтіріледі. «Қасбеттен қасбетке» дейін қағидаты бойынша шаһар аумағын абаттандыру мен кешенді тазалау жұмыстары 1 сәуірден басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Бұл мегаполисті тек қоқыстан тазарту емес, жоспар аясында жасыл желек отырғызылып, инфрақұрылым жаңғыртылады, сондай-ақ жарықтандыру желісі жөнге келтіріледі. Қазір жұмыс кезең-кезеңімен іске асып келеді. 2 апта сайын әр аудандағы екі көшеде жұмыс жүреді. Мәселен көктем басталғалы Наурызбай ауданында 16 сенбілік ұйымдастырылып, 7 мың текше метр қоқыс шығарылған.

 «Жол жуу, қоқыс тазалау, арық желілерін тазалау  және шамдар мен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі күнге дейін 300 ағаш отырғызылды», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас инспекторы Дәулет Ерлан.

 «Аудан бойынша қыста қарын, жазда жапырақ, құмды тазалайды. Бұл – ортақ үйіміз, бәріміз үлес қосуымыз керек. Әкімдіктерге қарамай, өзіміз де таза ұстап, сенбілікке қатысып, ауланы таза ұстауымыз керек», – деді қала тұрғыны Қайыржан Кенбаев

Медеу ауданының тұрғындары да тазалық акциясына білек сыбана кіріскен. Ауласын ретке келтіріп, жасыл желек қорын арттырып жатыр.

Айта кетейін, «Қасбеттен қасбетке» дейін қағидаты бойынша шаһарда атқарылып жатқан жұмыстың бірінші кезеңі кеше аяқталды. Бұл шаруаға 71 техника мен 371 жұмысшы жұмылдырылған.

 «Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында Медеу ауданында 3 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Оған 200-дей жұмысшы жұмылдырылды. Аудандағы маңызды магистральдер де ретке келтіріліп,  жарық бағаналары боялды, ауданымыз ажарлана түсті», – деді Медеу ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас инспекторы Әлішер Баян.

Оқи отырыңыз: Алматыға туристер қай елден көп келеді

Новости партнеров