Алматыға туристер қай елден көп келеді

Былтыр шаһарға 2,5 миллионға жуық саяхатшы келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы туристер саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Былтыр шаһарға 2,5 миллионға жуық саяхатшы келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артық, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мегаполисті танымал туристік бағыт санайтындардың ішінде шетел азаматтары басым екен. Былтыр өзге мемлекеттен Алматыны көргісі келетін қонақтар саны 686 мыңнан асқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 145 мыңға көп. Жиі келетіндер Ресей саяхатшылары екен. Олардың саны 155 мың адамнан асады. Екінші орында 115 мың адаммен Үндістан тұр. Одан соң Қытай, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Корея елдері.

Қалада халықаралық бағыттан бөлек, ішкі туризм де қарқынды дамып келеді. Мәселен, былтыр Алматыға қыдырып келген отандастар саны 1,5 миллионнан асқан. Бұған бірден бір себеп – туризм саласына салынған инвестицияның артуы. Былтыр бұл бағытқа тартылған қаржы сомасы 110 млрд теңгеге жеткен. Сәйкесінше, туризмнен түскен салық түсімдері 1,9 есе өсіп, 91 млрд теңгеге жуықтаған. Сондай-ақ жеке инвесторлар қонақ орналастыратын жаңа 35 нысан ашқан. Нақтырақ айтсақ, 20-дан аса қонақүй, 4 глэмпинг және 8 хостел секілді кешендер іске қосылған.

Былтыр экотуризмді дамыту бағытында 100 шақырымға жуық тау соқпағы абаттандырылып, 450 инфрақұрылымдық нысан орнатылған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жаңа «Жұмбақ жол» маршруты ашылды. Ұзындығы 285 метр болатын жол тәулігіне 2 мыңнан астам адамның танымал Горельник визит-орталығына жетуіне мүмкіндік береді. Жоба «Медеу» және «Шымбұлақ» сияқты танымал бағыттардағы қонақ ағынын азайтуға бағытталған.

 Сонымен қатар, күн панельдерімен жабдықталған 13 кемпинг-аймақ ашылған. Бұл туристік инфрақұрылымды едәуір нығайтып, қонақ ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да Қазақстан туризмінің орталығы саналатын мегополисте тиісті жұмыстар жалғаса бермек.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыдағы Аюсай шатқалында қарағай ағашы отырғызылды

Новости партнеров