Туған ошақтың жылуы: жазушы Жақсылық Түменбаевтың кітабы жарық көрді

Жазушының 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отбасына жетпей жүрген жылылықты іздесеңіз жақында жарық көрген Жақсылық Түменбаевтың "Тепло родного очага" кітабынан табасыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас кітапханасында жазушының 80 жылдығына орайластырылған еске алу кешінде жаңа кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бар болғаны 50 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетінде өзінің айқын ізін қалдырып үлгерген Жақсылық Түменбаев өзіне ғана тән стилімен ерекшеленген бірталай құнды шығармаларын қалдырып кетті. Оның қаламынан шыққан "Қардағы іздер", "Қимас қазына", "Мен сүйген қыз", "Тасбөгет", "Махаббат қорығы" атты повестері мен әңгімелері мен "Ақтық демің біткенше" атты романы уақытысында көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, сыншы қауымның тарапынан да жоғары бағаға ие болды.

Жазушының елге деген сүйіспеншілік сезімін жаңғыртар біршама шығармалары орыс тіліне аударылып, "Тепло родного очага" атты жинақ болып шықты.

Түменбаевтың елден ерек шығармашылығы жайлы бүгінгі кешке қатысқан қаламдастары да бірталай сөз қозғады. Онымен замандас болған Серік Асылбеков, Қуандық Түменбай, Сұлтанәлі Балғабаев сынды қаламгерлер өз естеліктерін бөлісті.  

"Жақсылық Түменбаев - менің құрдасым, замандасым. Оның өмірі қысқа болғанымен, ұрпаққа көп мұра қалдырып кетті. Ол өз шығармаларының өзегі болған ауыл тақырыбын қозғай отырып, адамдар арасындағы мейірімділікті, жан жылуын насихаттады", - деді Ақұштап Бақтыгереева.

Жазушының тағы бір ерекшелігі, ол бар творчествосын ұлттық руханиятымызды дәріптеуге, соны насихаттауға бағыттады. Оның шығармаларының басым бөлігі ауыл өміріне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, ауыл адамдарының бойындағы көзге көп түсе бермейтін асыл қасиеттерін ашуға, болмысын суреттеуге арналды. Сол арқылы қазақ баласының ұмыта бастаған тал бесігі - ауылға деген сағынышын оятуға тырысты.

Жиын соңында Жақсылық Түменбаевтың 80 творчествосына арналған студенттер арасындағы шығармашылық бәйгенің қортындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда психологтар мен дефектологтарды даярлау бағдарламасы енгізіледі

Новости партнеров