Үлкен өмірге алғашқы қадам: Түлектер балалар үйіне қуаныш сыйлады

Жастардың мақсаты  – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау әрі бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық оқушылар соңғы қоңырау мен бітіру кешіне кететін артық шығынды қайырымдылыққа бағыттады. Медеу ауданының мектеп түлектері «Балаларға бақыт сыйлайық» акциясын алғашқылардың бірі болып ұйымдастырып, №2 мамандандырылған балалар үйінің ауласын абаттандырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Медеу ауданының түлектері бұл жолы мектеп бітіру мерекесін әдеттегі форматтан өзгеше өткізуді жөн көрді. Қымбат безендіру мен артық шығынның орнына олар балалар үйінің ауласын көркейтуге атсалысып жатыр. Бүгін мұнда егілген әр гүл мен әр ағаш – тек абаттандыру жұмысы емес, балаларға көрсетілген қамқорлықтың белгісі. Ұйымдастырушылар айтуынша,  бұл –түлектер үшін мектептен үлкен өмірге жасалған алғашқы жауапты қадам.

«Медеу ауданында 1931 түлек бар. Барлық мектептен қатысты. Аулаға 30 түп тұя, 1000 түп гүл және қосымша фотозона сыйға тартылды», – деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұралиева.

Қолына гүл көшетін ұстаған мектеп түлектері бұл жолы мерекелік кештің қамымен емес, қайырымды істің басында жүр. Бірі аумақты тазаласа, енді бірі гүл отырғызып, тұя ағаштарын екті.

«Адамдарға көптеген көмек беру, яғни табиғатты аялау деген идея ұнағаннан кейін осы жолды таңдадық. Қайырымды істерді жиі жасап тұрамын. Мысалы, сенбіліктерге қатысамын, еріктілер тобында бармын. Алдағы уақытта да қайырымды істерге үлес қосамын», – деді№ 53 мектеп-гимназиясының түлегі Ұлболсын Әсемжан.

Білім басқарма басшысы «мектеп бітіру – әр түлек үшін ерекше күн. Бірақ жастарымыз бұл сәтті тек өз қуанышымен шектемей, өзгеге де жылу сыйлауды таңдағаны қатты қуантты" дейді.

Айта кетейік, акцияға Медеу ауданының барлық 29 мектебінің түлектері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара алдағы жылы да жалғасын таппақ.

Айжан Дайрабай, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Cirque du Soleil: әлемге әйгілі канадалық ұжым Қазақстанда өнер көрсетеді

Новости партнеров