Жаңа мемлекеттік орган: Алатау шаһарын әкім басқармайды

Шаһардың жиынтық бюджеті қаланың жергілікті бюджеті мен мемлекеттік қордың бюджетінен тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңындағы Алатау шаһарын әкім басқармайды. Премьер-министр Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қала жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның даму бағытын Премьер-министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал күнделікті әкімшілік жұмыстарды Бас атқарушы директор атқарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Қанат Бозымбаевтың қос палата депутаттарының сауалдарына «маңызды» деп баға беруі тегін емес. Өйткені Алатау қаласының мәртебесі конституциялық заңмен бекітілмек. Құжатты 134 депутаттың алдына вице-премьердің өзі әкеліп таныстырды. Оның айтуынша, ақылды қала Алатауға қызығушылық танытып отырған инвесторлар жетерлік. Үкіметтің жоспары бойынша шетелдік инвестициялар есебінен қала экономикасы 2050 жылға дейін 50 миллиард доллардан асуы тиіс. 

«АҚШ-тың шетелдік инвесторлары, Оңтүстік Корея, Ресей, Қытайдан  және ішкі нарықтан инвесторлар бар. Бүгін іске асырылып жатқан 44 жоба бар. Оның жалпы соммасы 1,8 триллион теңге», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Қалада білім мен медицина мемлекеттік стандартқа сай жұмыс істейді. Ал жеке инвесторлар шетелдік үлгідегі мектеп немесе университет, аурухана салуды жоспарласа, тек халықаралық стандарттарды ұстануы шарт. Тіпті шекара сыртынан білікті мамандар шақыруға да рұқсат. Ал Алатаудың жері инвесторларға тек инвестициялық мақсатта ғана беріледі. Егер екі жылда олар міндетін орындамаса, айыппұл салынады. Тағы екі жылда ештеңе істелмесе, жер мемлекетке қайтарылады.

«Егер бизнес лицензия арқылы, оның ішінде міндеттеме, белгіленген уақыт бар. Егер екі жылдың ішінде зауыт, фабрика салмаса, оған айыппұл салынады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Үкімет смарт қала салу үшін Қытай, Оңтүстік Корея, сондай-ақ Сингапур, Дубай және Доха қалаларының тәжірибесін әбден зерделеген. Яғни, шаһардың құрылысын дұрыс жоспарлап, заманауи технологияларды енгізіп, инфрақұрылымды тиімді дамытуда қателік кетпеу керек. Бозымбаевтың айтуынша, Алатауды әкім емес, бас атқарушы директор басқарады.

Шаһардың жиынтық бюджеті қаланың жергілікті бюджеті мен мемлекеттік қордың бюджетінен тұрады.

«Жергілікті бюджет жеке табыс, әлеуметтік, мүлік, көлік құралдарына салынатын салық, Алматы облысының жергілікті бюджетінен берілетін трансферттер және өзге де салықтары мен алымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл түсімдер жергілікті мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге және әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Бозымбаевтың сөзіне сенсек, Алатау басқа қалалардан ерекше болады. Тіпті ол шаһардың жұрты ұшатын таксилермен жүреді. Олар алып Алматыға 15 минутта жетеді деп отыр. Не болса да уақыт еншісінде. Ал қос палатаның 133 депутаты вице-премьер таныстырған құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Тек біреуі ғана қалыс қалды. Алда екінші оқылым бар.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Министр Алматыдағы ХҚКО жұмысымен танысты: цифрландыруға басымдық берілді

Новости партнеров