Алматыда сайлау учаскелерінде кезек байқалады

06.10.2024 13:30
РСК

Бүгін Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Таңертеңнен бастап алматылықтар белсенді дауыс беріп жатыр, ал кейбір сайлау учаскелерінде кезек байқалады. Тұрғындар жоғары белсенділікті көрсетіп келеді, бұл олардың қоғамдық мәселелерге деген қызығушылығының жоғары екенін білдіреді. 

Алматының Наурызбай ауданының сайлау учаскелерінде тарихи сәтте қарттар дауыс беріп қана қоймай, бата беріп, бұл сәттің маңыздылығын айтып, болашақ ұрпаққа бақ-береке тіледі.

«Бүгін біз маңызды мәселе бойынша пікіріміз бен ұстанымымызды білдіріп, жастарымыздың жарқын болашағына үміттенеміз», – деді дауыс берушілердің бірі әрбір азаматтың дауыс беруі Қазақстанның дамуына маңызды үлес болатынына сенім білдіріп.

Ауданның сайлау учаскелеріне келген қарт тұрғындар әрбір дауыстың маңызы бар екенін, ел мен халық үшін бұл шешімді қолдау өзекті екенін атап өтті.

Референдумға танымал қоғамдық қайраткерлер, спортшылар және артистер де қатысуда. Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге алғашқы дауыс берушілердің бірі болып, №48 мектеп-лицейінде орналасқан №388 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. 

Қалада барлығы 624 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Алматылықтар тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелеріне барып, сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.

Оқи отырыңыз:  Алматылықтар туған күнінде референдумда дауыс берді