Алматыда суицидтің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы мәслихатының қарауына «Алматы қаласындағы суицидтердің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны бекіту туралы» шешім жобасы енгізілді. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәслихат отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Құжат Қазақстан Республикасы халқы арасында суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.

Жобаға сәйкес, суицидтің алдын алу халықтың психикалық денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады және Мемлекет басшысының, Үкіметтің және Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында Психикалық сауықтыру орталығының суицидологиялық қызметі жұмыс істейді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарымен, ішкі істер органдарымен, әлеуметтік қорғау мекемелерімен және басқа да мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жолға қойылған. Дегенмен профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін барлық мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін бірыңғай тетік құру қажеттілігі айтылып отыр.

Осы мақсатта суицидтің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру ұсынылады. Комиссия Жол картасы іс-шараларының орындалуын үйлестіруге, әрбір суицид жағдайының себептерін талдауға, жүйелі мәселелерді анықтауға және алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жобаға сәйкес, комиссияның құрылуы жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді. Оның қызметі құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолданыстағы өкілеттіктері шеңберінде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ шешім жобасында ведомствоаралық комиссияның құрамын 31 адамнан бекіту ұсынылған.

Оқи отырыңыз:  Алматыда ALMA LOVE 2026 онкүндік жастар фестивалі өтеді