Алматыда 14 гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Almaty.tv
Almaty.tv

Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жер ресурстарын тиімді пайдалану және пайдаланылмай жатқан жерлерді экономикалық айналымға енгізу жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қаланың Түрксіб ауданында орналасқан жалпы аумағы 14,6777 гектар болатын 8 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған дейін бұл жерлер «Алматы ЗТО» ЖШС-нің меншігінде болып, тауарлық ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған еді.

Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды. Осыған байланысты жер иесіне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жерді жер заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалану үшін белгілі бір мерзім белгіленді.

Кейінгі бақылау тексеруінің қорытындысы бойынша қажетті шаралардың тек ішінара ғана орындалғаны анықталды. Атап айтқанда, аумақты тазалау және жер учаскелерінің біріне өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен, ауыл шаруашылығы өндірісі іс жүзінде ұйымдастырылмаған.

Жер заңнамасының талаптары орындалмағандықтан, Алматының Жер ресурстарын басқару департаменті жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Істі қарау нәтижесінде сот барлық 8 жер учаскесін, жалпы көлемі 14,6777 гектарды, мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.

Сот ауыл шаруашылығы дақылдарын екпей, тек жекелеген агротехникалық жұмыстарды жүргізу тауарлық ауыл шаруашылығына арналған жерді талапқа сай пайдалану болып саналмайтынын атап өтті.

Пайдаланылмай жатқан жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылуы қала аумағын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беріп, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және Алматы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік жасайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда робототехника мен инновациялық технологиялар бойынша халықаралық чемпионаты өтеді