Алматыда LEZ пилоттық жобасы аясында жол белгілері орнатылып жатыр

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төмен эмиссия аймағының (LEZ) пилоттық жобасы аясында жол белгілері мен ақпараттық тақталарын орнату жұмыстары басталды. Бұл туралы «Алматы паркинг» ШЖҚ КМК өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ақпараттық құрылымдар Бөгенбай батыр – Желтоқсан – Абай – Достық көшелерінің аумағындағы пилоттық аймаққа кіреберістерде орналастырылуда.

Жоба аясында жалпы саны 134 жол белгісі мен ақпараттық тақта орнату көзделген. Олардың қатарында төмен эмиссия аймағына кіреберісті білдіретін 5.50 экологиялық жол белгілері, аймақтан шығуды көрсететін 5.51 белгілері, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға арналған ақпараттық тақталар бар.

«Алматы паркинг» мекемесі өкілдерінің мәліметінше, жол белгілерін орнату биыл 28 сәуірде басталған LEZ жобасының техникалық пилоттық кезеңінің бір бөлігі саналады. Қазіргі кезеңде көлік қозғалысына ешқандай шектеу қойылмайды, айыппұл салу немесе аймаққа кіру үшін төлем алу қарастырылмаған.

Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – цифрлық инфрақұрылымды сынақтан өткізу, көлік легін есепке алу жүйелерін баптау, сондай-ақ көліктің атмосфералық ауа сапасына әсерін бағалау үшін деректерді жинау және талдау.

Мамандардың айтуынша, пилоттық режим цифрлық сервистердің, ақпараттық жүйелердің және әкімшілендіру тетіктерінің жұмысын жобаны одан әрі дамыту жөніндегі шешім қабылданғанға дейін тексеруге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, техникалық пилоттық кезең 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында аймақ аумағындағы көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның негізгі ережелері түсіндірілді

Новости партнеров