Алматыда жүргізушілер LEZ аймағына кірген кезде пилоттық режимде push-хабарлама ала бастайды

02.06.2026 17:07
пресс-служба акима Алматы

Алматыда «Алматы тұрақтары» мобильді қосымшасында тіркелген жүргізушілер Төмен шығарындылар аймағына (LEZ) кірген сәтте push-хабарлама ала бастайды. Жаңа хабарландыру жүйесі биыл 28 сәуірден бастап іске қосылған көлік легін цифрлық есепке алу инфрақұрылымын енгізуге бағытталған техникалық пилоттық жобаның бір бөлігі болып табылады. Бұл туралы ШЖҚ «Алматы паркинг» КМК өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Хабарламалар аймаққа кіргені жүйе арқылы тіркелген көлік иелеріне жіберіледі. Хабарлама мәтінінде пилоттық режимде жұмыс істейтін Төмен шығарындылар аймағына кірген күні, www.almaty-parking.kz сайтының сілтемесі және +7 (727) 390 8000 байланыс нөмірі көрсетіледі.

Пилоттық жоба Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысы аралығындағы аумақта жүзеге асырылады. 

Қазіргі кезде жүргізушілер үшін қозғалысқа ешқандай шектеу, айыппұл немесе жол жүру ақысы қарастырылмаған. Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – технологиялық платформаның жұмысын сынақтан өткізу және қала инфрақұрылымының дайындық деңгейін бағалау. 

Пилоттық кезеңнің басты міндеті – арнайы бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу үдерісін бақылау. Оның ішінде көліктерді кешенді есепке алу жүйесі мен LEZ аймағына кіретін көлік легін талдау модулі қамтылады.

Техникалық пилоттық кезең биыл 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде аталған аумақтағы қозғалыс бұрынғы қалыпты режимде жүзеге асырыла береді.

Оқи отырыңыз: Алматы онкологиялық орталығында Ашық есік күні аясында 100-ден астам тексеру жүргізілді