Алматыда тұрғындарға жеке үйлерді газ желісіне қосу бойынша кешенді көмек көрсетіледі

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Болат Өтемұратов Қоры Алматы қаласындағы тұрғын үйлерді газбен жабдықтауға бағытталған маңызды әлеуметтік жобаға 460 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Жеке сектордағы үйлерді газбен жабдықтау жобасы Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде тараптар өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайтын меморандумға қол қойды. Жеке үйлерді газға қосудың бірыңғай тәсіліне сәйкес әкімдік үйлерді тексеріп, тұрғындарға кеңес береді. Одан кейін білікті мердігер ұйымдар қажетті жұмыстарды жүргізеді. Бұл ретте, тұрғындарға газбен жылыту жүйесіне көшуге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оған қаржылық және ұйымдастырушылық мәселесін шешу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және басқа да қолдау шаралары кіреді.

«Алматыда жеке үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне қосу бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Әр үйде мәселенің туындау себептері әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан техникалық жұмыстарды жүргізіп қана қоймай, тұрғындарға кеңес беруден бастап, үйлерді газға қосуға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсету маңызды. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнестің қолдауы мұндай жұмыстың ауқымын кеңейтіп, нақты мәселелердің шешілуін жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жеке үйлердің көмірден табиғи газға көшуі Алматыдағы ауа сапасын жақсарту үшін де маңызды. Жылыту маусымында жеке секторда қатты отын жағу қоршаған ортаға тарайтын ластаушы заттардың негізгі көздерінің бірі болып отыр.

«Біз үшін қала инфрақұрылымын дамыту және Алматы тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобаны қолдау маңызды. Жеке секторды газдандыру тұрғындарға заманауи жылыту жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Біз осы бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырғанымызға қуаныштымыз», – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Айта кетейік, бұл Қордың Алматыдағы алғашқы жобасы емес. Қалада Қор Ботаникалық бақты, сондай-ақ ҚР Ұлттық орталық музейінің желдету және ауа баптау жүйесін жаңғыртуды қолдады. Сонымен қатар Алматыда Қордың «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы аясында ашылған алғашқы «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының бірі жұмыс істейді. COVID-19 пандемиясы кезінде Қор денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсетті. Атап айтқанда, ПТР-тестілеуге арналған мобильді зертханалар орнатылды.

12 жыл ішінде Қор еліміздің әр түрлі өңірлерінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында Есік пен Қосшыдағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай терминалы, Қосшыдағы қомьюнити орталығы, Жезқазғандағы «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы бар. Сонымен бірге Қор білім беру, денсаулық сақтау, инклюзия, мәдениет, экология және табиғи апаттардан зардап шеккендерге қолдау көрсету бағыттарында да бірқатар бастаманы жүзеге асырды. 2014 жылдан бері Қор әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 250 млн доллардан астам қаржы бөлген.

Оқи отырыңыз: Алматыда жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын