Іс-шара барысында жас ұрпақтың құндылық бағдарларын қалыптастыруға ерекше назар аударылды
7 тамызда Сайран көлінің жағалауында Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған ALMA LOVE жастар фестивалі аясында ашық аспан астында кинокөрсетілім өтті. Іс-шараға 500-ден астам жас пен қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Үлкен экранда көрермен назарына отандық «Алло» фильмі ұсынылды. Кеш қонақтарының қатарында актер әрі фильмнің авторы Ақболат Өтебай, блогер және актер Жанабай Медетжан, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, актерлер, жас қоғам белсенділері, Алматы қаласы қоғамжыө кеңес мүшелері мен пікір көшбасшылары болды.
Іс-шара барысында жас ұрпақтың құндылық бағдарларын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Кинокөрсетілім басталмас бұрын кеш қонақтары жастармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, бүгінгі жас буын үшін маңызды қағидаттар - өз шешіміне жауапкершілікпен қарау, еңбекқорлық, білімге ұмтылу, жасампаздық, заң мен қоғамға құрмет және отаншылдық туралы сөз қозғады.
Кездесуге қатысушылар патриотизмнің тек сөзбен емес, ең алдымен күнделікті әрекетпен көрініс табатынын атап өтті. Сапалы білім алу, адал еңбек ету, кәсіби тұрғыда даму, туған қаласына жанашырлық таныту және ел болашағына жауапкершілікпен қарау - қазіргі жастар үшін маңызды құндылықтар. Белсенді, білімді әрі жасампаз жастар - мықты және әділетті қоғамның негізі.
Блогер әрі актер Жанабай Медетжанның айтуынша, бүгінгі жастар үшін өз таңдауы мен еңбегінің құндылығын түсіну аса маңызды.
«Қазіргі жастардың дамуына, білім алуына және өзін жүзеге асыруына мүмкіндік өте көп. Бірақ мүмкіндікпен бірге жауапкершілік те келеді. Өзгерісті өзгеден күтпей, әркім өзінен бастауы керек: білім алып, еңбек етіп, дамып, айналасына және еліне пайдасын тигізуге ұмтылғаны маңызды. Біздің ортақ болашағымыз осындай күнделікті шешімдерден қалыптасады», - деді кеш қонағы, блогер Жанабай Медетжан.
Кинокөрсетілім форматы мәдени демалысты жастар мен шығармашылық және қоғамдық орта өкілдері арасындағы ашық диалогпен ұштастыруға мүмкіндік берді. Қонақтардың сөзінен кейін көрермендер Сайран жағалауында ашық аспан астында фильм тамашалады.
Кинокөрсетілім Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік аясында Алматыда өтіп жатқан ALMA LOVE жастар фестивалінің іс-шараларының бірі болды. Фестиваль мәдени, білім беру, зияткерлік, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бастамаларды біріктіріп, жастардың әлеуетін дамытуға, жауапкершілік, жасампаздық және қала мен ел өміріне белсенді араласу құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жаңа оқу жылына 350 білім беру грантын бөлді