Алматыда туризм саласына бағытталған инвестиция көлемі артты

Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 12 пайызға өскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізге 11 миллионнан аса турист келген. Оның ішінде шамамен 500 мыңнан аса адам Алматы қаласына бет бұрған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Оған бұл бағыттағы инвестиция көлемінің биыл 11 айда 92,9 млрд теңгеге жеткені дәлел. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 12 пайызға өскен. 

"Танымал туристік объекті ретінде Шымбұлақты атап өтеміз. Соңғы деректерге сәйкес 1 млн 200 мың турист келген. Екінші орында Іле Алатауы мемлекеттік Ұлттық паркі тұр. Онда 617 мың турист келген. Үштікті «Көктөбе» паркі аяқтайды. Онда 279 турист келді", – деді Туризм басқармасы талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Мақпал Әбдіқадыр.

Қарасаң көз тоймайтын, табиғаты сұлу, таза ауаға қанық Шымбұлақ тау-шаңғы курорты көпті қызықтырмай қоймайтыны рас. Демалыс орны келушілер үшін қысы-жазы ашық. Оған күніне 4000-ға жуық адам барады.

"Төрт жылдан бері Алматыда оқып жатырмын. Бірінші рет келдім, керемет! Әдемілікті сөзбен жеткізе алмаймын!" – деді студент Аружан Абылай.

"Алматыға келген қонақтар Шымбұлақты көруі керек. Әдемі жер көп емес, Моңғолияда жоқ. Тамаша, қуаныштымыз!" – деді турист Серікжан Дөрбетхан (Моңғолия).

Атап өтер жайт, биыл Шымбұлақ «ТМД елдерінің үздік тау-шаңғы курорты» және «Тау аймағындағы ең үздік глэмпинг» номинациясын жеңіп алды. Ал шетелдік туристерден бөлек, еліміздің әр өңірінен Алматыға демалып қайту үшін келген адам саны биыл  1,2 миллионнан асқан. Былтырғымен салыстырғанда өсім 10,6 пайызға жеткен.

Еске салайық, туристердің ыңғайлылығы үшін әрі инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 2028 жылға дейін шаһарда 30-дан аса қонақүй салу жоспарланып отыр.

Рүстем Айткәрім, Әлишер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Мұғалім еңбегі шәкірт жетістігімен бағаланады - Айдана Айдарова

Новости партнеров