Білім беру мен болашақ ұрпақ тәрбиесінде ұстаздардың алар орны ерекше. Олардың елеулі еңбегі әрқашан тиісті дәрежеде дәріптелуі шарт. Ұлағатты ұстаздың бірі қаладағы № 178 мамандандырылған лицейде жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айдана Айдарова – өз ісіне жан-тәнімен берілген маман. Аталған білім ордасында үздіксіз 10 жылдан бері қызмет етіп келеді. Тәлімгер білім беріп қана қоймай, ғылымның дамуына да орасан зор үлес қосып жүр. Қазірдің өзінде бірнеше әдістемелік еңбегі жарық көріп, авторлық кітабы да оқырманға жол тартқан. Ұстаз "шәкірттің жетістігі жеке марапаттан әрдайым жоғары болуы керек" дейді.
"Білім беру саласында педагогтың жетістігі тек оның өзінің жетістігімен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар тәрбиелеп, оқытып отырған оқушысының жетістігімен де бағаланады. Заманауи педагог үздіксіз дамығанда ғана білікті маман деп санаймын. Сол себепті кез келген педагог баланы ғана оқытып қоймай, өзін де жетілдіріп отыруы керек", – деді биология пәнінің мұғалімі Айдана Айдарова.
Тәлімгер аз уақыт ішінде бірнеше ауқымды байқаулардың жеңімпазы атанып, мектеп абыройын асқақтатып үлгерген. Биыл республикалық «Үздік педагог», қалалық «Алматы ұстазы» жүлдесін иеленген. Ал оқушылары болса, республикалық сайыстарда алғы шептен көрініп жүр. Сонымен қатар мұғалім Эстония елінде де тағылымдамадан өтті. Мектеп басшылығы мен әріптестері ізденімпаз ұстаздың еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
"Айдананың өзі де жыл сайын кәсіби байқауларға қатысып, біліктілігі мен білімін шыңдап отырады. Соның айғағы ретінде биылғы оқу жылында ол «Алматы ұстазы» байқауында жеңімпаз атанып, республикаға жолдама алған. Ал «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды", – деді № 178 мамандандырылған лицейдің директоры Қайратбек Шәдиев.
"Пәнге деген оқушылардың қызығушылығын арттырып, оларды ғылыми ізденіске баулып келеді. Сөзімен ғана емес, ісімен өмір бойы білім алу концепциясына сәйкес оқушыларға ізденуді үлгі етіп көрсетіп келе жатыр, – деді биология пәнінің мұғалімі Мира Әліпова.
Ұлағатты ұстаз өз пәнінен бөлек экология саласына да үлесін қосып жүр. Осылайша маман оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға бағыттайды. Бұл еңбек те еш кетпеді. Мәселен оқушылары бұған дейін бірнеше мәрте экология сайысында жүлделі орын иеленген.
Олжас Омарбек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда 18 жаңа білім беру нысаны салынды