Жазғы лагерь: Алмалы ауданында 200-ден аса бала тегін демалады

27.08.2025 21:35

Мұрындық болған – Алматы қаласы әкімдігінің Білім басқармасы

Биыл Алматының Алмалы ауданында тұратын 200-ден астам бала лагерьлерде тегін демалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сауықтыру орталықтарына әлеуметтік осал отбасынан шыққандар мен ерекше білім беруді қажет ететін жеткіншектер жіберілген. Мұрындық болған – Алматы қаласы әкімдігінің Білім басқармасы. Сөздерінше, мұндай қолдау оқушылардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануына көмектеседі.

«Жоба арқылы балалардың арманын орындауға мүмкіндік туады. Жыл сайын Алматы қаласының Білім басқармасы оқушыларды лагерьге тегін жібереді. Яғни, бұл бір реттік іс-шара емес, жыл сайын тұрақты түрде өткізіледі», – деді Алмалы ауданы білім бөлімінің маманы Дашу Аманжол.

Оқу жылы аяқталғаннан бері қаладағы әлеуметтік осал отбасынан шыққан және ерекше білім беруді қажет ететін 2800-ден аса жеткіншек жазғы лагерьлерде демалып, үйіне шат-шадыман күйде оралған.

«Немере қызым жаңадан дос тапты, ой-өрісі кеңейді.  Лагерьден қуанышты, позитивті сезіммен оралды. Енді осы көңіл күйі алдымыздағы келе жатқан оқу жылына, үздік оқуына көмек береді деген үміттемін», – деді ата-ана Гүлзада Нұрғалиева.

Оқи отырыңыз: «Келешек мектептері: Түркістан облысында екі мектеп қолданысқа беріледі