Түркістан облысында мектептерді жаңғырту жобасына 115 мекеме енді
Түркістан облысында көрші елдімекенге қатынап оқып жүрген балалар енді өз ауылдарында білім алатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келес ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 3 бірдей жаңа білім ошағы салынып жатыр. Оның екеуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Ал аудан орталығы – Абай ауылындағы мектептің құрылысы әлі жүріп жатыр. Үш қабатты нысан 600 оқушыға шақталған. Мамандардың айтуынша, білім мекемесі алғашқы тоқсан аяқталғанша дайын болады.
«Бұл жерде ата-ананың құқығы, қалауынша оқыта алады, қаласа сол мектепте қалдырады. Осы мақсатта ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргіздік. Видеоролик жасап, ата-аналарға көрсеттім», – деді № 65 мектептің директоры Нұрболат Ботабеков.
Келес ауданында өткен жылы 3 мыңнан аса оқушы тасымал арқылы білім алып келген. Енді жаңа мектептердің ашылуымен, көрші ауылға қатынайтын балалар саны едәуір азаймақ. Ауданда 8 білім ошағына жөндеу жүргізіліп жатыр. Түркістан облысында мектептерді жаңғырту жобасына 115 мекеме енді. Жаңа оқу жылына дейін 21 білім ошағы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді.
«Ауданда сапалы білімді қамту мақсатында биыл 8 мектепті жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 1 қыркүйектен бастап ашылады», – деді Келес ауданы білім бөлімінің бас маманы Мұқағали Омаров.
Оқи отырыңыз: Жылыту маусымы: қай облыстарда әлеуметтік нысандар дайын емес