Белсенділер бүгін тағы бір заңбұзушылықты тіркеді
Жыл басынан бері Алматыда 26 заңсыз қоқыс орны анықталған. Соның салдарынан 300 тоннадан астам қалдық белгіленбеген жерге төгіліпті. Осылай деген «Жас экопатруль» жасағының қызметкерлері бүгін тағы бір заңбұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әділ Тыныштықбайұлының экология саласына келгеніне 3 жыл болыпты. Содан бері экологиялық ахуалды реттеп, қалыпқа келтіру үшін аянбай еңбек етіп жүр. Табандылығының арқасында «Жас экопатруль» жасағының басшысы атанған ол бүгін де дәстүрден жаңылмай, командасындағы белсенді жастармен бірге заңсыз жұмыс істеп тұрған қоқыс алаңына келді. 2 шақырымға жуық аумаққа төгілген қалдықтарды ұялы телефонына түсіріп, деректерді жауапты органдарға жолдады.
"Қазір біз Түрксіб ауданында орналасқан әуежайдың жанындағы жерге келген болатынбыз. Осы жерден қатты қоқыс қалдықтарын, тұрмыстық қоқыстармен бірге құрылыс қоқыстарын көріп тұрмыз, тіпті жиектастар да жатыр", - деді "Жас экопатруль" жастар экологиялық жасағының басшысы Әділ Нұрпейісов.
Экопатруль бұдан бөлек, дұрыс егілмеген және заңсыз кесілген ағаштарға қатысты деректерді де жинайды. Кейін мәселенің соңына дейін шешіліп, заңбұзушылықтың толығымен жойылғанын қадағалайды. Мысалы, 26 заңсыз қоқыс орнының бүгінде 25-інде тазарту жұмыстары аяқталыпты. Ал барлау жұмысына 400-ден аса ерікті жұмылдырылған.
"Жалпы, айына 3-4 рет осы топпен жиналып, экологиялық мониторингқа шығамыз. Бір топта 15-20 шақты адам болады. Біз әрбір ауданға бөлініп, ортақ чатқа бәрін жібереміз. Жалпы арыз жазған кезде, «102» шақырған кезде, нақты уақытта, қай жерде түсірілгенін білу үшін Timestamp қосымшасы арқылы тіркеп отырамыз", - деді экобелсенді Рахмина Мәсімбай.
Ал қаладағы тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын экологиялық стансада қызмет ететін Еділ Еркінұлының сөзінше, тұрғындар қоқыс сұрыптауға бейімделіп қалған. Себебі, оның жұмыс орнына күніне кем дегенде 50 адам келеді. Айтуынша, күнделікті 200 келіден аса қоқыс жиналып, өңдейтін орталықтарға жіберіледі екен. Ерекшелігі, келушілер арнайы қосымшаға тіркеліп, өткізген қалдықтардың көлеміне байланысты бонустар жинап, оны қол сөмкеге, кітап немесе ыдыс-аяққа айырбастай алады.
"Экологиялық мәдениет жақсы дамуда. Себебі кейбір танысым, кей тұрғынның айтуы бойынша, тіпті Түркияда да әлі мұндай сұрыптау орталықтары жоқ. Ал Қазақстанда жақсы дамып жатыр деп айтады", - деді экостанция қызметкері Еділ Еркінұлы.
Еске салайық, қалада дәл осындай 11 экологиялық станция бар. Олар: Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу, Жетісу, Түрксіб және Наурызбай аудандарында орналасқан.
Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, Аlmaty TV
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңадан ашылған дәрігерлік амбулаторияға кімдер бара алады