Ғалымдар Баум тоғайын сақтау үшін ескі ағаштарды кесуді ұсынды

Ғалымдар  Баум тоғайын сақтау үшін ескі ағаштарды кесуді ұсынды
Баум тоғайында барлығы 104 мыңға жуық ағаш өседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Медеу» мемлекеттік аймақтық табиғи саябағы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген баспасөз туры барысында журналистерге ерекше қорғалатын  әрі табиғи аумақ болып табылатын Баум тоғайының экожүйесін зерттеу нәтижелері таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Талдау және бақылау қорытындыларын Ботаника және фитоиндустрия институтының аға ғылыми қызметкері, дендролог Инга Бабай, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің директоры, академик Бұлқайыр Мәмбетов және т.б. баяндап берді.

Баум тоғайында барлығы 104 мыңға жуық ағаш өседі. Оның ішінде 3311 ағаш апатты жағдайда немесе ескі, яғни жарамсыз. Бұл орманның шамамен 3,1%-ы.

«Бұл – табиғи  процесс. Табиғи ормандарда орташа он жыл ішінде барлық ағаштың шамамен 5-10%-ы жарамсыз болып қалады. Алайда бұл жерде жасанды жағдайда тұрған ағаштарға арнайы мамандардың араласуы қажет. Мәселен, апатты ағаштар зең ауруына шалдыққан және оларды жақын арада кесіп тастамаса, алдағы он жылда барлық тоғайдан айрылып қалуымыз мүмкін», – деді академик Бұлқайыр Мәмбетов.

Бүгінде 37 187 ағашты қалпына келтіріп, емдеуді қажет етеді. Бұлардың ішінде болмашы зақымданған немесе біржақты өсіп кеткен ағаштар да бар. Биыл ағаш діңдерін зиянкестерден және кеселдерден құтқару  мақсатында санитарлық сауықтандыру шараларын, оның ішінде қураған, апатты жағдайдағы,  қурап түскен бұтақтарды жинап, тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2022 жылы 500 ағашты санитарлық кесу жоспарланған. Олардың орнына жаңа ағаштар отырғызылады.

«Ескі әрі апатты жағдайдағы ағаштар барлық орман алқабында орналасқан. Олардың орнына жаңа ағаштар отырғызылатын болады. Бұл тоғай алматылықтардың сүйікті демалыс орны, сондықтан қураған ағаштар тоғайға келетіндердің өміріне, әсіресе жел тұрған кезде  өте қауіпті», – деді Ботаника және фитоиндустрия институтының аға ғылыми қызметкері, дендролог Инга Бабай.

«Медеу» аймақтық табиғи саябағы 9 маусымнан бастап Баум тоғайында 2022 жылы санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Баум тоғайы» мемлекеттік табиғи  ескерткіш болып табылады.  Тоғай Алматыдағы Түрксіб ауданының Сейфуллин және Сүйінбай даңғылдары қиылысында  теңіз деңгейінен 750 метр биіктікте орналасқан. Аумағы 139,5086 га.

Тоғай оңтүстіктен солтүстікке қарай 3,5 км ұзындықта 0,4-08 км кең алқапты алып жатыр. Оның шекарасы анық белгіленген: шығысында – темір жол желісі, солтүстігі мен оңтүстігінде – тұрғын үйлер, батысында – Мойка  шағын өзені бар. Баум тоғайы – Алматының ең үлкен жасыл және көне аймағы, қала үшін  оның маңызы үлкен.  Мұндағы қала жағдайында қолдан жасалған орман экологиялық, мәдени және эстетикалық жағынан да  құнды.

Тоғай аумағында ағаштардың 49 түрі өседі, оның ішінде жетеуі қылқанды және қырық екісі жапырақты. Шөптік өсімдіктердің мұнда 120-ға жуық түрі бар. Сонымен қатар бұл жерде қырыққұлақтың бір  түрі (споралылар), ал төменгі сатыдағы өсімдіктерден жеті түрлі саңырауқұлақ пен мүк  те өседі. Алқаптың экожүйелерінде флористикалық және фитоценотикалық әртүрлілік  байқалады.

Жасыл желектің жалпы саны: 104 429 бірлік, оның ішінде бұталық – 5081 бірлік.

Новости партнеров