Биыл Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында киік саны үш есеге артты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қорықтың құрылғанына 50 жылдан асты. Жалпы аумағы 700 мың гектарды құрайды. Мұнда балықтың 15 түрі, құстың 357, өсімдіктің 443, жәндіктердің 700 және жан-жануарлардың 45 түрі мекендейді. Оның ішінде негізгі мекендейтін киік, қабан, қасқыр мен түлкі. Қорықты мекендейтін жан-жануарлар мен құстардың барлығы бірдей қорғауда, соның ішінде киіктің орны бөлек. Биыл киіктің өсімі жақсы, өйткені төлдеуі сәтті болды, әр ешкі 2 лақтан төлдеді. Нақты айтсақ, 2018-2019 жылдары біздің қорықта 15-18 мың киік болса, биыл олардың саны 45 мыңға дейін жетті, яғни үш есеге дейін артып отыр», -деді Ж. Жұртбаев.
Қорық аумағында соңғы екі
жылда киік атуға қатысты браконьерлік оқиға тіркелмеген.
«Бұл адамдардың түсінігінің өзгеруі және заңды күшейтумен байланысты деп ойлаймыз. 2019 жылы жалпы саны 33 құқықбұзушылық оқиғасы тіркелді. Оның өзінде жан-жануарларды ату емес, қорық аумағына заңсыз кіру және тағы басқа секілді. Ал биылдыққа ешқандай заңбұзушылық әрекет тіркелген жоқ», - деді қорық директорының орынбасары Жанат Жұртбаев.