Министр Көкжиде аумағында мұнай өндіруді кезең-кезеңімен тоқтатуды ұсынды

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Көкжиде аумағында көмірсутек шикізатын барлау және өндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысында Көкжиде жерасты суының ластану мәселесін көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты суының мұнай өнімдерімен ластануы назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе болып отыр. Көкжиде ультрапрессті жерасты суы батыс өңірде бірегей саналады және оның әлеуетін сапалы ауыз суға тапшы Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын сумен қамтамасыз етуге пайдалануға болады»,  деді Экология министрі Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, Көкжиде аумағында 8 жер қойнауын пайдаланушы көмірсутек шикізатын барлау және өндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Әртүрлі кезеңде мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар Көкжиде аумағында жер асты суларының мұнай өнімдерімен ластану фактілерін анықтағанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты Көкжиде су қорын қосымша барлау жұмыстары жүргізілді. Тәулігіне 173,4 мың текше метр көлемінде жерасты суының қоры бекітілді және Көкжиде кен орнының шекарасы анықталды. Жер қойнауын пайдаланушылардың ведомстволық желісінің ұңғымалары бойынша сынама мен талдау алынып, қоспалардың бар екендігін көрсетті. Алайда, мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісі анықталмаған», – деді С. Брекешев.

Жерасты суының ластануына жол бермес үшін Экология министрі Үкімет басшысына өтініш жасады. Атап айтқанда Көкжиденің шекарасы шегінде жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін кезең-кезеңімен тоқтату бойынша шара қабылдауды, ал Ақтөбе облысының әкімдігіне жерасты суының мониторингін күшейтуді тапсыруды сұрады.

Новости партнеров