Алматыда көктемгі ағаш отырғызу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшсі.
Әкімдік баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қала бойынша биыл барлығы 350 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Басты назар Алатау, Жетісу, Түрксіб аудандарына аударылады.
Осылайша «Жасыл Алматы» науқаны аясындағы 1 млн ағаш отырғызу бойынша үш жылдық көрсеткішке қол жеткізіледі.
Бүгінде 633 мың ағаш отырғызылып, жалпы ауданы 404,11 га аумақ көгалдандырылды. Қалада отырғызылатын ағаш түрлері ғылыми қауымдастық пен ландшафт сарапшыларының қатысуымен, климаттық және топырақ ерекшеліктеріне қарай таңдап алынады.
Атап өтерлігі, бүгінде ауқымды көгалдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуімен қатар жалпы көгалдандыру саясаты да түбегейлі өзгерді. Басты назар бақылаусыз ағаш отырғызулардан жасыл қорды емдеу, биоәркелкілікті сақтауға қарай ауысты. Жасыл желекті суару жұмыстарын күшейту үшін жаңа су ұңғымалары салынып, арық жүйесі түгенделді. Сонымен қатар ағаштардың жерсінуін жақсарту үшін суару жүйесінде 27 су жинағыш тоған құрылысы жоспарланған.