Данияр Қасқарауовтың айтуынша, құзырлы орындар тексеруге құлықсыз
Алматы облысы Көлсай көлдерінің айналасындағы жерлер мақсатсыз пайдаланылып жатыр. Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов елдегі жеті кереметтің қатарындағы аумақты тексеру керек деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның пікірінше, аталған жер телімдері кезінде ауыл шаруашылық мақсатқа шабындық пен жайылымға берілген. Алайда қазір онда қонақ үйлер, бассейндер, дәмхана мен киіз үйлер қаптап тұр. Мәжілісменнің айтуынша, Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, іс-шара қолдануға құлықсыз.
– Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар. Арнайы комиссия құрылып, кешенді тексеру керек. Осы ретте жалғыз Көлсай емес, барлық Ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген жердің заңдылығын тексеріп, мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санаймын, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда шомылу маусымы аяқталды