|
06.05.2020 | 15:42
3894

Әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтуде

Жыл сайын 5 мамырда 100-ден аса мемлекетте ауқымды шара өтетін

 Әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтуде стоп-кадр

Бүгін әлем жұртшылығы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жыл сайын  5 мамырда  100-ден аса мемлекетте ауқымды шара өтетін. Бірақ пандемия бұл дәстүрге айтарлықтай өзгерістер енгізді. Кең көлемді акциялар болмаса да, туған қаламыздың тазалығы үнемі назарымызда.

Қоршаған ортаны аялау – жаһандық мәселе. Әсіресе, елдегі халық көп шоғырланған Алматыда ауаның ластануы - негізгі проблеманың бірі. Соңғы көрсеткіштерге жүгінсек, карантин уақытында алып шаhардың тыныс-тіршілігі баяулап, нәтижеде ауа біршама тазарған дейді мамандар.

«Карантин кезінде Алматы қаласында Казгидромет мекемесімен бірге үлкен іс-шара өткізілді. Сынамалар алынып, карантин кезінде және оған дейінгі ауның ластануы туралы ақпарат жиналды. Негізінен карантин кезінде бұрынғымен салыстырғанда ауа екі есеге тазартылды деуге болады», – деді  қалалық Экология департаментінің экологиялық реттеу басшысы Ермек ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Қалада өндірістің өсуі, экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруы қоршаған орта мен экологияға кері әсерін тигізуде. Ал, экологиялық тазалықты қамтамасыз етудің бірден бір жолы – табиғатты ластамау. 9 жасар қала тұрғыны Даша бұл қағиданы жақсы түсінеді және алматылықтарға өздері тұратын ортаны қорғауда жауапкершілікпен қарауын сұрайды.

«Мен қоршаған ортаны ластамаймын, әрдайым қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастаймын. Барлықтарыңызды осылай тазалыққа және табиғатты сүюге шақырамын!» – деді қала тұрғыны Дарья КОНЕВА.

Жалпы, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні БҰҰ-нда 1972 жылы бекітілсе, елімізде «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заң 1997 жылы 5 тамызда қабылданған. Осы Заңның негізінде қазіргі күнге дейін елдегі экологиялық түрлі жобалар іске асты. Атап айтсақ, көшедегі шеру, велосипедшілер шеруі, «жасыл» концерттер, ағаш отырғызу, сондай-ақ, қалдықты қайта өңдеу науқаны және тазалық жұмыстары. Карантинге байланысты қазір шаралар тоқтатылған. Ал, белсенділер экологияның тазалығына өзінше үлес қосуда.    

Казгидрометтің мәліметінше, Алматы қаласы бойынша мамырдың 19-ы мен 25-і аралығында ауа сапасының шектелген нормадан асып кетуінің 56 жағдайы тіркеліпті. Әсіресе, мегаполистің Жетісу ауданындағы Серікова көшесі қатты ластаныпты. Қазіргі уақытта қалада ауаны мониторингтеу бойынша барлығы 16 пост жұмыс істейді. Жалпы елдегі 45 елді мекенде 140 бақылау бекеттері тәулігіне 3-4 рет ластану концентрациясын қадағалайды.

Қай бір елде болмасын, экология мәселесі  адам өмірімен тығыз байланысты. Мәселен, таза ауамен тыныстау кезінде адам өкпесінде газ алмасу процесі ынталанып, тыныс алу жақсарады. Осы орайда, ауаның тазалығын қамтамасыз ету үшін ағаштарды көптеп отырғызудың пайдасы зор. Әсіресе, арша мен емен ағаштары фотосинтез кезінде бөлетін оттегімен жаз айларында 30-40 адам демалады.

Осы тұста эколог мамандар қаланы жасыл желектендіру экологиялық тазалықты қамтамасыз етеді дейді.

«Барлық жасыл желек – экологиялық фильтр деуге саяды. Ағаштар топырақты жылыту мөлшерін азайтады. Тиісінше, жер қатты ысымайды және жоғары көтерілетін ауа аз буланады. Мұны тұмша дейді. Сондай-ақ, ауаны көліктерден бөлінетін газ да ластайды. Сондықтан электр тоғымен жүретін көліктерге ауысуымыз қажет. Техникалық бақылауларды қатаңдатып, фильтр қолдану керек», – деді эколог Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.

Биыл Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні – адам мен табиғаттың байланысын насихаттау мақсатында биоалуантүрлілікті сақтауға арналған. Әлемде COVID-19-ның пайда болуына - биоәртүрліліктің жойыла бастауы салдарынан, қоздырғыштардың жануарлардан адамға ауысуы себеп дейді ғалымдар. Сондықтан, әрбір азамат жер табиғатты қорғауы міндет!

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир