Алматыда аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Алатау ауданының әкімі А. Қалдыбеков бірінші болып ауданды жасылдандыру және абаттандыру жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылы 15 жоба іске асырылды, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдары аясында қазіргі таңда, қосымша 6 футбол, 3 воркаут және 6 жекпе-жек алаңдары салынуда», – деді аудан әкімі.
Өжет, Боралдай мен Зерделі ықшамаудандарында жасыл аумақтар мен демалыс орындарын салудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын айтып өтті.
2020 жылы Алатау ауданында 176 000 ағаш отырғызылды. Биыл тағы 100 мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарланған.
Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен қалада алғаш рет «Бюджетке қатысу» бағдарламасы қолға алынған болатын. Осы бағдарлама бойынша биыл Алатау ауданында тұрғындар ұсынған 34 жоба іске асырылады.
«Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша Өжет, Боралдай, Дархан, Теректі, Көк Қайнар, 13-14-аумақ сияқты бірқатар ықшамаудандарда балалар ойын алаңдары салынып, саябақтар абаттандырылады», – деді А. Қалдыбеков.
Есептік кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың аулаларды абаттандыру, жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қойған сұрақтарына жауап берді. Аудан тұрғындары өз сауалдарын «Алатау Креатив Хабында», аудан әкімдігі және Томирис ықшамаудандағы кітапханада жабдықталған зум бөлмелері арқылы қойды. Есеп беру кездесуі «Алматы» телеарнасында және әлеуметтік желілердің тікелей эфирде көрсетілді.