Ұйғыр ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Kieli tabigat республикалық экологиялық акциясы аясында Шарын шатқалының шырайы кірді. Еліміздегі сакралды нысандарды және ұлттық табиғи парктердің аумағын тазалауға бағытталған іс-шараға 40-қа жуық ерікті қатысты. Олардың қатарында мәдениет қызметкерлері мен блогерлер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Табиғат-біздің ортақ үйіміз». Осылай деп ұрандатқан 40-қа жуық азамат теңдесі жоқ табиғатымен танымал Шарын шатқалындағы 2,5 шақырым жерді тазалады. Аудандық жастар ресурстық орталығы өкілдері «жұмыстар аймақта үнемі жүргізіледі» дейді.
– Еліміздің киелі мекені Шарын шатқалына келіп отырмыз. Өте керемет жер. Еріктілер жиналып, акцияға қатысуға келдік. Акцияның негізгі мақсаты – табиғаты аялау, қоршаған ортаны ластамау, – деді Ұйғыр ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жәнібек Айқожаев.
– Тазалық жұмыстарын жүргізу барысында көптеген турист бізді көріп, таңқалып жатыр, – деді театр актері Бекнұр Нұрқанатов.
Тәрбиелік мәні зор іс-шара еліміздің жастарына, туристерге зор серпін бермек. Отандастардың экологиялық сауаттын арттыру – акцияның міндеті.
– Kieli tabigat республикалық экологиялық акциясы аясында жастар ресурстық орталығымен бірлесе, іс-шара өткізіп жатырмыз, – деді Шарын ұлттық паркі туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамов.
Табиғат жанашырлары іс-шараны апта сайын өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Оған кез келген адам ерікті ретінде қатыса алады.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы