БҰҰ әскери оқу-жаттығу өткізді

 Almaty.tv
Almaty.tv
Сынақты БҰҰ-ның талай бітімгерлік операциясына қатысқан білікті мамандар дайындаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан БҰҰ-ға әскери бақылаушылар даярлап жатыр. Алматыдан 40 шақырым жерде жатқан полигонда сарбаздар екінің бірі төзе бермейтін сынақтан өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бітімгершілік операциялар орталығында өткен әскери дайындықты жәй оқу-жаттығу деуге келмес. Басталған сәттен-ақ оқ атылып, сарбаздар мінген көлікке тұтқиылдан шабуыл жасалды. Лаңкестерше киінген бір топ адам оларға тап беріп, тұтқынға алды. Дайындықтың тәжірибесі мұншалықты шынайы өтетінін қатысушылардың өзі де білмеген.

Тұтқынға түскен сарбаздарды тиісті жерге жеткізілгеннен кейін, сұрақ жаудырып, жан-жақтан қыспаққа алу басталды. Әскери бақылаушылар қызметіне үміткерлер сынақта сырын ашпауы тиіс. Айта кететіні, қатысушылардың арасында қыздар да бар.

– Біз негізі физикалық жаттығуға келе жаттық. Ешкім ештеңе айтпады. Мұндай сынақ болатынын күтпедік. Нағыз жауынгер осындайда шыңдалады. Кез келген жағдайға төзе білуіміз шарт. Осы тәжірибе арқылы әскери бақылаушы қызметіндегі қиындықтарды сезіне білдік, – деді  әскери қызметкер Карина Юн.

Орталықтың басшылық өкілдерінің айтуынша, сынақты БҰҰ-ның талай бітімгерлік операциясына қатысқан білікті мамандар дайындаған. Оқу-жаттығулар өзге елде де өткізілген.

– Әскери бақылаушылар курсын өзімізде де ашу қажет болды. Дәл қазір ол пилоттық жоба. Оған БҰҰ-дың сарапшылары келіп, баға береді. Олар құптап, тіркеуден өткізсе, халықаралық деңгейде әскери бақылаушыларды Қазақстанда даярлауға мүмкіндік аламыз, – деді ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялық орталығының басқарма бастығы Рүстем Сүлейменов.

Оқу-жаттығу 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Сынақ кезінде олар жарылғыш заттарды анықтау, аумақта әуеден бақылау сынды тапсырмаларды да орындады.

2007 жылдан бері Қазақстаннан 500-ден астам әскери қызметкер БҰҰ Непал, Батыс Сахара мен Ливан сынды тағы да басқа елдердегі бітімгерлік операциясына қатысып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына үлес қосыпты.

Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Банк ғимаратында адамдарды кепілге алған Әлихан Мурадовқа сот үкімі шықты

Новости партнеров