|
15.06.2021 | 19:49
6009

Таза ауа – жанға дауа: Үкіметте экологиясы ең лас қалалардың мәселесі талқыланды

Елімізде тіркелген 4 миллионға жуық көліктің 64 пайызында пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен

Таза ауа – жанға дауа: Үкіметте экологиясы ең лас қалалардың мәселесі талқыланды Almaty.tv

Үкіметте экологиясы ең лас қалалардың мәселесі талқыланды. Бұл тізімге өндірістік Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен және Жезқазғаннан бөлек бас қаламыз Нұр-Сұлтан, әсем шаһарларымыз Алматы мен Шымкент те кіріп отыр. Мегаполистердің басты проблемасы автокөлік екені белгілі, одан басқа қандай түйткілдер бар? Оларды тарқатудың қандай жолдары ұсынылып отыр? Астаналық Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай тарқатсын.

Елімізде тіркелген 4 миллионға жуық көліктің 64 пайызында пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Ал, көліктер  атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көзі екені белгілі. Осы ретте, енді жаңа экология кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдардың қоршаған орта мәселелеріндегі өкілеттіктері күшейе түспек.

«Техникалық байқау станциялары мен автокөлік иелерінің жауапкершілігін күшейту өте маңызды. Өз кезегінде әкімдіктер автопарктерді жаңарту жұмыстарын жалғастыруы қажет. Бұдан басқа, әкімдіктерге ауа сапасы нашарлаған кезде көлік құралдарының кіруіне шектеу енгізу құзыреті берілді. Сондай-ақ, қолайсыз метеорологиялық жағдайларда, мысалы, желсіз жағдайда, әкімдіктер ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеулер енгізе алады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Ал, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев зиянды қалдықтар жылдан жылға азайып жатқанын жеткізді. Өткен жылы олардың көлемі 122 мың тоннаны құраған. 2019 жылмен салыстырғанда 3 мың тоннаға аз екен. Ал, автокөліктерден шығатын зиянды заттар 10 мың тоннаға төмендепті. Сонымен қатар, әкім Премьер-министр Асқар Маминнен метрополитен құрылысын тездетуге қолдау көрсетуді сұрады. Айтуынша, қолданыстағы тоғыз бекет жылына 16 миллионға жуық жолаушы тасымалдайды. Салынып жатқан «Сарыарқа» және «Достық» екі жаңа бекеті 2021 жылы іске қосылса, жолаушылар ағыны екі есеге көбеймек

«Алматы метросын одан әрі дамыту – көлік трафигі мен қала көшелерінде жеке автокөліктер санын азайтудың маңызды факторы. Сондықтан қаланың тұрғын аймақтары мен шағын аудандарын кеңінен қамту үшін жедел қаржыландыру және метроның жаңа тармақтарын салуды қарастыруда үкіметтің қолдауын сұраймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

2025 жылға қарай Жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғарыдан орташа деңгейге төмендетуге мүмкіндік береді деп көзделуде. Бұл – атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға ықпал етеді. Одан басқа, 7 кәріз тазарту нысандары мен 24 жаңа полигон салынады. 12 кәріз тазарту нысандары қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру және жою жұмыстары жүргізіледі.

Қаламқас Нысанбай, Ринат Утеев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир