|
14.10.2022 | 19:26
3615

Қоқыссыз таза табиғат: «Алматы» телернасының ұжымы жалпыұлттық сенбілікке қатысты

Үш жыл бұрын телеарна қызметкерлері саябаққа 67 алма ағашын отырғызған еді

Қоқыссыз таза табиғат:  «Алматы» телернасының ұжымы жалпыұлттық сенбілікке қатысты Almaty.tv

Еліміздің түкпір-түкпірінде «Қоқыссыз таза табиғат» атауымен жалпыұлттық сенбілік өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Табиғатты аялауды мақсат тұтқан бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер және қала еріктілері қосылды. Игі дәстүрден «Алматы» телеарнасының ұжымы да қалыс қалмады. Арна қызметкерлері «Журналистер аллеясына» барып жасыл желекке күтім көрсетті, аумақты тазалады.

Телеарна ұжымының дәл бұл саябақты таңдауы бекер емес. Осыдан үш жыл бұрын телеарна қызметкерлері саябаққа келіп 67 алма ағашын отырғызған еді. Содан бері көк желекке тұрақты түрде күтім көрсетіп келеді.  

«Алматы» телеарнасының ұжымы болып жақсы дәстүрді жалғастырып жатырмыз. Мұндай істе бір болуымыз керек деп ойлаймын. Мұндағы мақсат – табиғатты аялау, құрметтеу, таза ұстау, жақсы көру», – деді  «Алматы» телеарнасының қызметкері Аида Амиркулова

Қазір еліміз бойынша «Қоқыссыз таза табиғат» деген атаумен басталған экологиялық іс-шара белсенді жүріп жатыр. Бастаманы Ел Президенті қолға алды. Қалғандары қостады. Қатысушылар арасында бұқаралық ақпарат құралдары да бар.   

«Алматы» телеарнасы Республика күніне орай, «Хабар» арнасы бастаған экологиялық челленджді қабылдап, «Астана», «31 канал», «7 канал» телеарналарына жолдайды. Жақсы дәстүр жалғасын тапсын», – деді «Алматы»  телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Жанат Маметова.

Республикалық ауқымды іс-шара – айналаға ұқыпты қарауды, таза ұстауды және табиғатты аялауды көздейді. Айта кетейік, Алматыда жалпыұлттық сенбілік өткен аптада Алатаудың бөктерін тазартудан басталған еді. Экологиялық акцияға телеарна қызметкерлері де қатысып, белсенділік танытты.

 Ұжым мүшелері бүгін де аз уақыттың ішінде қап-қап қоқыс шығарып үлгерді. Журналистер қамқорлығына алған саябақта енді қала тұрғындары мен қонақтары келіп, еркін серуен құра алады.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы»  телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир