«Алматының ауасы ластанып барады». Экология департаментінің қызметкерлері мұны көлік санының күрт өсуімен байланыстырып отыр. Мәселен қалада 2022 жылы 553 мың 548 транспорт тіркелсе, биыл ол көрсеткіш 27 мыңға өскен. Сондықтан мамандар қала көшелеріндегі темір тұлпарлардың техникалық даярлығын тексеріп, ауаға бөлетін түтінін арнайы құралмен тексеріп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандандырылған прокуратура мұрындық болған рейд жұмыстары ашулы жүргізушілердің айқайымен басталды. "Ауди" көлігін тізгіндеген азамат техникасының тың екеніне сенімді. Полиция қызметкерлерінің жолынан тосып тоқтатқанына көңілі толмаған секілді.
Жылжымалы экологиялық бекет бұл «көлік иесінің техникасы талапқа сай емес» деп, ауаға бөлінген улы газ көрсеткішін көрсетіп берді. Жол полициясы хаттамасын толтырып, ескертуін де жасады. Ал қара түтін будақтап шыққан кейбір жүк көлігін патруль қызметкерлері қуып барып, тоқтатты.
Алғашында анық-қанығына жетпей ашуланған жүргізушілер түсірілім тобын көріп сабасына түсті. Кейін тәртіп сақшылары техниканың талаптарын түсіндірді. Экологиялық бекеттің қызметкерлері құрылғы арқылы газ мөлшерін анықтап, тиісті норманы да атап өтті.
– Газдың тиісті көлемі 2/5 болуы тиіс, ал бұл кісінің техникасындағы көрсеткіш 7-ден асып тұр. Демек, нормадан 2-3 есе асады, – деді эколог, аға оператор Әбдіхамит Аманқұлов.
Экологияны бақылайтын мамандар бүгін 30-ға жуық көлік тоқтатып, оның ішінде 10 дизель автокөлігі және бензинмен жүретін қозғалтқышы бар 4 автокөлікің ауаға бөлетін газын анықтады. Сәйкесінше, жол полициясының қызметкерлері тәртіпке сай арнайы хаттама толтырып берді.
– Алматы қаласы бойынша мамандандырылған прокуратураның тапсырмасы бойынша жергілікті әкімшілік пен полиция қызметкерлері бірлесе отырып «таза ауа» атты рейд өтіп жатыр. Негізгі мақсат – қаладағы автокөлік шығындысының экологиялық нормадан асуын анықтау. Алматы қаласы бойынша негізгі ластаушы көз – автокөліктер, – деді Экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Айдана Қасен
Арнайы рейд Алматы қаласы бойынша алдағы 6 күн бойы жалғасады. Жылжымалы экологиялық пост қала бойынша тексеріп, түсіндірме жұмысын жүргізеді.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 3 адам қаза тапты