Алматы маңындағы қауіп төндіруі мүмкін деген 12 мореналық және мұздық көлге тексеріс жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жоспарға сәйкес оның жетеуінде биыл су деңгейін тексеру, артық суды азайту жұмыстары жүргізілетін болады.
Су деңгейін тексеру жұмыстары биыл әдеттегіден бір айға кеш басталды. ТЖД хабарлауынша, оған таулы аймақтағы ауа температурасының төмен болуы себеп. Енді бүгіннен бастап қыркүйектің ортасына дейін төтеншеліктер мен арнайы мамандар бірігіп мұзды көлдерді бақылауда ұстамақ.
Тікұшақ теңіз деңгейінен 3600 метр биік жатқан көл маңына қонды. Әуе көлігінен түсе салғанда трансформаторға ұқсайтын дүңгіршектер көзге түседі. Мамандардың айтуынша, бұл - сел қауіпсіздігін автоматты түрде бақылайтын құрылғы.
«Бұл аппарат таудағы көлдердің деңгейін, су температурасын, мұздықтардан еріп келген су шығынын, Алматыдағы диспетчерлік пунктке, "Қазселденқорғау" мекемесі және ТЖМ-ға цифрлық түрде ақпарат беріп отырады», – деді «Қазселденқорғау» ММ қалалық басқармасының басшысы Самат Дәуленханов. .
Тау бөктерінде 31 станса бар. Бірақ соған қарамастан мореналық көлді бақылауға арнайы мамандар да жұмылдырылады. Ал олар су деңгейін рейкамен өлшеп отырады.
«Рейкамен су деңгейін қарап отырады. Бұл қазық емес, рейка. Негізі судың деңгейі дәл қазір қатты көтеріле қоймаған. Негізі деңгейі 1-2 метрге көтеріледі. Біз соны қадағалаймыз. Көтерілсе суды сифон құбырлары арқылы төмен түсіреміз», – деді «Қазселденқорғау» ММ қызметкері Ұлан Жұмаев.
Сел жүру қаупін болдырмас үшін орнатылған датчик судың температурасын өлшейді.
«Қазіргі кезде бұл жерде температура 3-4 градусты ғана құрап отыр. Біз күнде қарап отырмыз. Күнделікті изотерманы бақылап отырмыз. Изотерма - маңызды құрал. Егер изотерма 5 мыңнан жоғары шығып кетіп, ол 10 күн ұстайтын болса сел қаупі төнеді дегенді білдіреді», – деді ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Әлібеков. .
ТЖД өкілінің айтуынша, мореналық көлдегі судың қазіргі деңгейі қауіп төндірмейді. Бірақ мамандар тиісті жұмыстарды жоспарға сай жүргізе береді. Сел қаупі бар кезеңде 19 бекет те жұмыс істейді.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы