Табиғат аясында от жаққандар қатаң жауапқа тартылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл Іле-Алатауы паркіне адам басына кіру құны – 545 теңге
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәуап пісіремін деп опық жеп қалмаңыз. Табиғат аясында от жаққандар қатаң жауапқа тартылады. Алматының тауын қызғыштай қорыған орманшылар бір азаматқа 345 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамыр келсе көкке шығып мауқын басатындар көбейеді. Бірақ тау басында от жаққандарға жаза қатаң. Наурыздан бастап мемлекеттік орман қоры аумағында «өрт қауіпті» кезеңі жарияланғалы күнде тексеріс жүргізіледі. Жуырда Іле-Алатауы ұлттық паркінде 2 рет от тұтанған.  

«Тілсіз жаудың алдын алу үшін рейд жүргізіп, заң бұзғандарға айыппұл да салынып жатыр. Бірақ оны елеп жатқандар аз. Рұқсат етілмеген жерде от жағуға болмайды. Тұрғындар мен туристер қауіпсіздік ережесін сақтаса екен дейміз», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов.

Таза ауадағы демалысты отқа піскен тамақсыз елестете алмайтындарға Іле-Алатауы ұлттық паркінде жабдықталған 14 орын, Алмарасанда 12, Бутаков шатқалында да 2 арнайы алаң бар.

Алматының тауларында сенбі мен жексенбіде ғана емес, жұмыс күндері де адам көп. Ал арнайы орын бәріне жетпейді. Елден ерте келгендер ғана жайғаса алады.  

«Демылс орынын көбейте алмаймыз. Өйткені тас жолдың бойынан орман басталып кетеді. Қарағайдың ішіне кіріп, от жағып, тамағы мен кәуабын пісіреді. Ал кетерде сумен бетін ғана өшіреді. Ол тұтанып кетсе, қауіпті», – деді Іле-Алатау Ұлттық паркінің аңтанушы-биологы Зайнидин Тәліпов.  

Негізі тау басында кез келген жерге отыра қалып, от жағуға баяғыдан рұқсат жоқ. Мәселен, былтыр ормандағы өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін 122 азамат жауапқа тартылып, оларға жалпы 600 мың теңгеден аса айыппұл салынған. Айта кетсек, биыл Іле-Алатауы паркіне кіру құны адам басына 545 теңге.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров