Ресейден келген маман қазақстандық хирургтарға ота жасаудың бірегей әдісін көрсетті

Ресейден келген маман қазақстандық хирургтарға ота жасаудың бірегей әдісін көрсетті
Алматыда шап жарығы диагнозы қойылған 3 балаға жаңа әдіспен ота жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда шап жарығы диагнозы қойылған 3 балаға жаңа әдіспен ота жасалды. №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында ота жасау үшін Ресейден әйгілі балалар хирургиясының хас шебері Юрий Козлов арнайы шақыртылған. Отаға жергілікті мамандар қатысып, жаңа әдістің қыр-сырымен танысты. Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың репортажы.

Юрий Андреевич Козлов – 30 жылдық тәжірибесі бар Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері. Балалар хирургі барынша ұсақ тілімдермен жасалатын оталарымен танымал. Осының арқасында науқастар отадан кейін тез айығып, оңалту кезеңі жеңіл өтеді.

«Бүгінгі ота үшін 3 науқасты таңдап алдық. Екеуіне шап жарығы диагнозы қойылған. Ал, үшінші пациенттің жүрегіне жақында ғана ота жасалыпты. Алайда оның диагфрамасы маңынан ісік пайда болып көкірек қуысына кедергі келтіруде. Нәтижесінде баланың тыныс жолы жабылып қалған. Оталарды барынша ұсақ аспаптармен жасаймыз», – деді балалар хирургі Юрий Козлов.

Шеберлік сағаты осыдан 2 ай бұрын көз жұмған профессор, хирург Алмас Ормантаевтың құрметіне арнайы ұйымдастырылып отыр. Марқұм көзі тірісінде жүздеген баланы ажалдан аман қалып, ондаған хирург мамандарын дайындап шығарған.

«Атақты профессор, медицина ғылымының докторы, балалар хирургиясының, кафедрасының меңгерушісі болған Ормантаев Алмас Камалұлы деген жолдасымызға арнап жасалған  практикалық конференциямыз», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Рахманов.

Дәл қазір 5 жастағы қыз балаға ота жасау процесі басталды. Науқасқа шап жарығы диагнозі қойылып, жағдайы өте ауыр деп бағаланған. Бұл ота шамамен 15-20 минутқа созылады.

Жалпы анестезиямен жасалатын шап жарығы операциясы дүниежүзілік тәжірибе бойынша орта есеппен 30-45 минут уақыт алады. Ал, ресейлік маман науқас алатын жарақатты  бірнеше есе азайтуға мүмкіндік беретін жаңа әдіс ойлап тапқан. Нәтижесінде, отаға бар болғаны 15-20 минут уақыт кетеді.

«Бүгін ауруханамызда шеберлік сағаты өтуде. Ресейден келген мамандар қазақстандық хирургтарға ота жасаудың бірегей әдісін көрсетіп жатыр», – деді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Жарасов.

Ота жасау процесін Қазақстанның түкпір-түкпірінен зум платформасы арқылы онлайн қосылған хирург мамандары бақылады. Ресейлік маман келесі шеберлік сағатын өткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласына аттанады.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров