Соңғы 18 жылда көрші мемлекет елге 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған
Ресей — Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Соңғы 18 жылда көрші мемлекет елге 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Бұл - Еуразия экономикалық одағы мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресей Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктесі рөлін жалғастыра береді. Ұлттық статистика бюросының ақпарынша, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттермен тауар айналымы шамамен 19 миллиард доллар болған. Ал оның басым бөлігін, 91 пайызын Ресеймен жасалған сауда-саттық құрайды. Экспорттың қарқыны да бәсең емес. Көрші елге көбіне химиялық өнімдер, құрылыс материалдары мен металдар жеткізіледі.
"Қазақстан мен Ресей арасындағы ең ұзын шекара жатыр. Қағаз, ағаш бұйымдары, тамақ, басқа өнімдер, көмірді кейде береміз, кейде аламыз. Екі ел қарым-қатынасты үзбеуі керек. Дамытуымыз керек", – деді экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов.
Екі ел арасындағы бизнес әріптестіктің қарқыны да көңіл қуантады. Қазақстан территориясында ресейлік 28 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Алдыңғы жылдың өзінде ел аумағында көрші елдің қатысуымен 4 мың компания іске қосылған.
"Алдымен жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан көрші елмен серіктестік тек экономикалық тұрғыдан емес, әлеуметтік жағынан да пайдалы десем, артық емес. Бәрі – ел дамуына үлес қосатын үлкен жобалар", – деді қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Қисықов.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасында сомасы 26 миллиард теңге болатын 135 ортақ жоба бар. Оның 28 пайызы іске асқан. Ал барлық жоба сәтті болса, 28 мың жұмыс орны ашылады. Сенімді серіктестіктің арқасында Қазақстанның экономикалық өсімі қарқын алып келеді.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз. Жалақысын уақытылы алмаған жұмысшылар мәселесі қалай шешіліп жатыр - маман жауабы