«Бірден 300 теңгеге»: Шымкетте ет бағасы қымбаттады

otyrar.kz
otyrar.kz
Жылқы еті 300 теңгеге қымбаттап, қазір 2600 теңгеден сатылып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте ет бағасы бұрын соңды болмаған бағада сатылып жатыр. Сатушылар қымбатшылықты экспортқа еттің көп жөнелтілуімен байланыстырады. Ал қарапайым халық азын аулақ етпен күнелтуге мәжбүр, деп жазды Otyrar.kz. 

Хадишагүл Әбдіжаппарованың ет саудасымен нәпәқасын тауып жүргеніне 20 жыл. Бірақ, дәл осындай қымбатшылықты бұрын-соңды көрмеген. 2 аптаның ішінде жылқы еті 300 теңгеге қымбаттап, қазір 2600 теңгеден сатылып жатыр. Бұл өз кезегінде сатушының да, алушының да қалтасын қағары анық.

«Сыртқа қарай көп тасылып жатыр. Сонда, оның бәрі кетіп жатса, өзіміздің халқымыз не жейді? Қалай сатамыз, олардың бағасын сатып алушылардың қалтасы көтермейді. Өте қиын жағдай болып тұр», - деді сатушы Хадишагүл Әбдіжаппарова.

Сол мерзім аралығында қой еті де 200 теңгеге қымбаттап шыға келген. Қазақтың негізгі тағамының қымбаттауына экспортқа кетіп жатқаны себеп дейді сатушылар.

«Қазір 100-150 қой келеді. Одан артық келеді деп айта алмаймын. Өйткені базарларға әкелінбей, сыртқа саудалануда», - деді сатушы Гүлнәр Атамқұлова.

Етті қасқырдан кем жемейтін қазақ қызылсыраған қымбатшылықтан кәдімгідей абдырап қалған.

«Сөздің ашығына келгенде, бұрындары 1500 теңгеге сиыр етін алатын едік. Қазір 2200, 2300 теңге болып кетті», - деді тұтынушы Еркін Оралов.

Қоғамдық тамақтану орындарында кәсібін дөңгелетіп отырғандар да пайдаға емес, клиент жоғалтпауға жұмыс жасап жүрміз деп ашынады.

«Етті қымбат бағада аламыз. Бірақ кәуаптардың бағасын көтере алмаймыз. Себебі, клиент жоғалтамыз. Содан пайда табу да, клиент ұстап тұруда қиын», - деді кәсіпкер Бахрам Гаджиев.

Елімізде соңғы 1 жылда жылқы мен құс етінің бағасы 9-15 пайызға өскен. Сиыр мен қой еті де қалысар емес. Ал жауаптылар болса ай мен күннің аманында қымбатшылықтың орын алуына өз уәждері бар.

Базардағы саудагерлер еттің экспорттық бағасы тағы да өсе ме деп алаңдаулы. Олай болған жағдайда, оның құны ішкі нарықта да өседі. Бұл түптеп келгенде, сауданың сиреуіне, табыстың азаюына әкелуі мүмкін.



Новости партнеров