42 500 теңге алғаны үшін ешкім жауапқа тартылмайды – министр

Открытые источники
Открытые источники
42500 теңге алғаны үшін, оны тіпті қателескені үшін қылмыстық жазаға тартылмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдай орын алмағанның өзінде, халықтың басым бөлігінің табысы аз. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы мөлшері әлі де болса төмен. Сондықтан да көпшілік осы төлемге зәру, деген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңгені алғандарға қатысты жаппай тескеру болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ деп сендірді. Ал жәрдемақыны алғандарға айыппұл салу туралы ақпаратты министрлікке еш қатысы жоқ заңгерлер таратыпты.

«Бірде-бір адам 42500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Тағы да айтамын, 42500 теңге алғаны үшін, оны тіпті қателескені үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Айта кету керек, бүгінге дейін төлем 4 миллион адамға тағайындалған. Бұл 157 миллиард теңге. Біржан Нұрымбетов 3 миллионға жуық адамның өтінішінен неге бас тартылғанын да айтты. Оның сөзінше, осы орайдағы сауалдар көптеп түсуде. Бұған бірнеше себеп бар. Мәселен, 160 мыңдай адам жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс көрсетпеген. Бұдан бөлек, банктердің реквизиттеріне, есепшоттарға қатысты да көп мәселе туындап жатқан көрінеді. 12 санды дұрыс, жаңылыспай көрсеткен жөн, деді министрі. Себебі ЖСН-ді тексергенде сіздікі емес, басқа адамдікі болып шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай қателерді түзетіп, қайта жіберу керек.

«Кейбіреулер карточкасының нөмірін көрсетеді. Ол жерде 16 сан. Ол карточкаға сіздің шотыңызға түскеннен соң, банк аударып береді. Біз банктағы есепшотыңызға аударып береміз. Онда 20 сан болуы керек», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Мемлекеттік органдар, ұйымдардың қызметкерлеріне 42500 теңгенің қатысы жоқ. Жұмыстары шектелген жоқ. Олар қашықтан жұмыс істеп жатыр. Зейнеткерлер мен мүгедектердің де өтініштері кері қайтарылып жатыр. Жалпы бұл санаттағы адамдар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеп, әлеуметтік төлемдер аударылса, ал қазір табысынан айырылса ғана 42 500 теңге берілетінін тағы да атап өтті. Анықталғаны қазақстандықтар қайтыс болып кеткен адамдардың немесе шетелге көшіп кетіп, сол жақта тұрып жатқан адамдардың атынан да өтініш берген. Бұл заңсыз деді министр.  Ал тиісті 42500 теңгені алып, үркіту қорқытулардан кейін тапсырған азаматтарға Біржан Нұрымбетов министрліктің электрондық поштасына хат жазуға болатынын жеткізді. Төлем жеке сұраным бойынша жүргізіледі.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров