Өткен апта президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған сапары кезінде екі тарап бірнеше келісімге қол қойған болатын. Сол кезде РФ билігі Қазақстан орталығынан атом электр станциясын салуды да ұсынған болатын. Бұл пікір қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсіп те үлгерді. Еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев болса әлі нақты шешімдердің қабылданбағанын айтып отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Журналистермен болған әңгіме барысында министр АЭС салу туралы қауесеттің соңғы 7-8 жылдан бері айтылып келе жатқанын да алға тартты.
«Ресей тарапынан осындай ұсыныс түсті. Бірақ біздің тараптан әлі ешқандай шешім қабылданбаған жоқ. Нақты шешім қабылдау үшін тағы 1-2 жыл уақыт керек», - дейді министр Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Айта кетейік, 3 сәуірде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен Мәскеуде ресми кездескен еді. Сол кезде Путин ресейлік мамандар технологиясымен Нұр-Сұлтанда атом электр стансасын салуды ұсынған болатын. Кейіннен Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев сұрақ оң шешімін тапса, қуат көзі саналатын стансия Алматы облысы Жамбыл ауданында бой көтеруі мүмкін деген ойын жеткізген. Ол барлық сұрақ пен шешімдер халық арасында талқыланатынын да тілге тиек етті.