Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 2,4 пайызға қымбаттады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 2,4 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, негізінен импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өскен. Әсіресе, Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында азық-түлік бағаларының ең жоғары өсуі тіркеліпті. Азық-түлік тауарлары тұрақтандыру қорларының көлемі тиімді қалыптастырылмай отыр, деді министр .

«Тұрақтандыру қорларының көлемі жеткілікті емес. Яғни 3,7 млрд теңгеге 25,4 мың тонна қалыптасқан... Бұл іс жүзінде бағаға тиісті әсер етпейді. Тұрақтандыру қорларының өздері де тиімді қалыптаспайды. Мысалы, Ақтөбе облысында 2020 жылы қанттың, қарақұмық жармасының, күнбағыс майының және жұмыртқаның бағаcы едәуір өскен», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрі импортқа тәуелділіктен арылу үшін елімізде қандай өндіріс орындары ашылатынын атады. Оның сөзінше, Жамбыл облысында жылына 150 мың тонна қант өндіретін жаңа зауыт салынады. 3 жылда жылдық қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасы іске қосылады. Сондай-ақ 2024 жылы еліміз өзін-өзі алмамен толық қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Жаңа бақтар отырғызуды негізгі оңтүстік өңірлер: Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласында шоғырландыру ұсынылған.

«Бүгінгі таңда алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 144 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықты 6,6 мың гектар алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен молықтыру болжанып отыр... Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың гектар болады. Бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы өз-өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Новости партнеров