Ал, шағын және орта бизнес өкілдері 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілмек. Осы мақсатта бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Мұндай жеңілдік кәсіпкерлер үшін бұрын-соңды болмаған еді. Сондай-ақ, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлу де қарастырылған. «Экономиканың тірегі саналатын кәсіпкерлерге қашан да көмек көрсетуіміз керек», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал, бұл қолдау көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болады деп санайды сарапшылар.
«Бұл жерге нақты қандай салықтар кіреді? Жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, әлеуметтік төлемдер және медициналық сақтандыру бойынша төлемдер кіреді. 1 қазанға дейін мұндай салық түрлерін мүлде төлемеуге болады. Бұл дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Тағы да үлкен мәселе – біраз салықтар бойынша кейінге шегеру. Ол жерде корпоратив табыс салығы бар, 20 пайыз төленетін және құн салығы. Бұл салықтарды 3 айға шегеру өте маңызды. Себебі кәсіпкерлер де осыған байланысты ризашылығын жеткізіп отыр», – деді GSB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат ХАЛЫҚ.