Газға сұраныс артты
Елімізде сұйытылған газ тапшылығы мәселесі жуық арада шешілмейді. Еліміздің Энергетика министрі көліктерді жаппай көгілдір отынға көшірудің тиімсіз екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, соңғы 9 айда газды тұтыну көлемі 25 пайызға артқан.
- Бұлай жалғаса берсе, баға да шарықтап кетеді, - деді министр.
Елдегі ахуалды ретке келтіру үшін қазір министрлік сұйытылған газдың қосымша көлемін іздеп жатқанын жеткізді.
- Қазір нарықта автогаз тапшы. Біз министрлік ретінде жауапкершілік ала отырып, халыққа, тұтынушыларға, автокөлік жүргізушілеріне мемлекет қазірдің өзінде жанармайдың бұл түріне қатысты күрделі мәселені бастан кешіріп отырғанын ашық айтуға мәжбүрміз. Бұл шаруа қысқа мерзімде шешілмейді. Өнімді тұтыну көлемі айына шамамен 225-250 мың тоннаға өсті. Қазақстанда баға өте арзан. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Барлық көлік жүргізушілеріне темір тұлпарларын сұйытылған газға ауыстырмауға кеңес береміз, - деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Министр елімізде сұйытылған мұнай газын тұтыну күрт өскенін бірнеше рет айтты. Оның үстіне жүргізушілер көліктерін жаппай жартылай газ әдісіне ауыстырып жатыр. Осыған байлатысты Энергетика министрлігі қазір қосымша газ көлемін іздестіруде.
Оқи отырыңыз: Елімізде жол сапасы қашан жақсарады