«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрғасының орынбасары Айдос Көбетов Алматыда LRT желісі құрылысының жобасы қандай прициппен жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда LRT жобасы бар және оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша іске асыру ескерілген. Жоба екінші кезең деңгейінде тұр. Яғни жобаны жүзеге асырудың екі кезеңдік тетігі бар, бұл ретте әріптестердің өздері тиісті қаржылық-техникалық, заңгерлік шешімдерді ұсынады», - деді Айдос Көбетов Үкімет үйіндегі брифингте.
Осы орайда ол бірінші конкурстың нәтижесін жариялады.
«Бірінші конкурстың қорытындысы бойынша консорциумдағы 9 компания ішінен төртеуі өтті. Олардың құрамында Түркия, Жапония, Франция және Оңтүстік Корея бар. Атап айтқанда, бұл жоба аясында қыркүйек-тамызда екінші кезең бойынша рәсімдерді бастау көзделген. Осы ретте жоба алдында белгіленген мерзімде іске асырылмақ», - деді А. Көбетов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматыда жеңіл рельсті көлік желісін (LRT) 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр.