|
16.07.2019 | 13:35
3801

Бүгін Тоқаевтың қарыздан құтылуға мүмкіндік беретін жарлығы күшіне енді

Елімізде 1,4 миллион жеке тұлғаның салық бойынша жалпы қарызы 20,9 миллиард теңге болған

Бүгін Тоқаевтың қарыздан құтылуға мүмкіндік беретін жарлығы күшіне енді  Фото: FinBiz.kz

Бүгіннен бастап жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Аталған құжатқа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жиналған салық өсімпұлдары кешіріледі. Бірақ алдымен ол салықтың негізгі қарызын төлеу керек, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


Қаржы министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл басында 1,4 миллион жеке тұлғаның салық бойынша жалпы қарызы 20,9 миллиард теңге болған. Соның ішінде негізгі берешектің көлемі – 14,3 миллиард теңге, ал өсімпұлдар 6,6 миллиард теңгені құрайды.


Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтың айтуынша, салық қарызы бар адамдардың саны жағынан шымкенттіктер алда тұр.  


«Қарыздың басым бөлігі көлік құралдары салығына тиесілі. Одан кейін жер мен мүлік салығы келеді. Шымкент қаласында шамамен 148 мың адам салық төлемей жүр. Одан кейінгі орында Түркістан облысы – 139 мың адам, Жамбыл облысы – 116 мың адам, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында қарыз болып қалған 114 мың адам бар», - дейді Баеділов.


Ал салықтық берешектің сомасы жағынан Алматы қаласы бірінші орында. Ол жақта Шымкентке қарағанда салық төлемегендердің саны аз болса да, қарыздың сомасы үлкен – 5,5 миллиард теңге. Одан кейін Нұр-Сұлтан (2 миллиард), Маңғыстау облысы (2 миллиард) және Шымкент қаласы (1,6 миллиард) тұр.  


Салық рақымшылықтың тағы бір тиімді тұсы жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ осы қызметтен пайда тауып, салықтық қарызға батқандар өсімпұлдан құтылады. Аталған берешектің бәрі 2002- 2003 жылдары салық органдары жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге (БСАЖ) көшкенде шыққан.


2019 жылдың басында осы санаттағы қарыздың жалпы сомасы 700 миллион теңге болған. Соның ішінде негізгі борыш – 400 миллион теңге, өсімпұл – 300 миллион теңге. Ал осы қарызды төлемеген адамдардың саны – 16 мың.


«Өсімпұлды есептен шығару үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасы төленсе болды. Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың есепшоттарын қарап отырады. Негізгі қарыз төленген жағдайды тиісті шешім шығарып, үш күннің ішінде өсімпұлды есептен шығарады», - дейді вице-министр Баеділов.


Оның сөзіне қарағанда, салықтық рақымшылық басталғанға дейін негізгі қарыз бен өсімпұлды төлеген адамдар болса, оларға өсімпұлдың ақшасы қайтарылады. Қазіргі кезде қаржы министрлігі ондай қаражатты қайтару тетіктерін әзірлеп жатыр.


Осы жылдың басында Қазақстанның Тұнғыш Президенті жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығын өткізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Шілденің басында Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды. Аталған құжат 5 шілде күні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Ал он күннен кейін, яғни 16 шілдеде заңды күшіне еніп отыр.


Тәртіп бойынша салықтық рақымшылық жүргізу қағидалары қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі. Осыдан кейін барлық аумақтық мемлекеттік кірістер департаментіне жеткізіледі.


«Біз арнайы жол картасын бекіттік. Соның аясында мемлекеттік кірістер органдары салықтық рақымшылықтың тәртібі бойынша жаппай түсіндіру шараларын өткізеді. Жыл соңына дейін әрбір азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, өсімпұлдардан құтылуы қажет», - дейді Баеділов.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир