Ел экономикасын дамытудың 3 сценарийі әзірленді

Almaty.tv
Almaty.tv
Экономиканың орташа жылдық өсімі 4,2 пайыз деңгейінде болады деп болжам жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел экономикасының алдағы 5 жылға арналған 3 сценарийі әзірленді. Ол бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсімі 3,9 пайызға жетеді. Бұл туралы 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жобасын таныстырған Ұлттық Экономика министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110 доллар, АҚШ долларының бағамы 440 теңге деңгейінде анықталған. Ал экономиканың орташа жылдық өсімі 4,2 пайыз деңгейінде болады деп болжам жасалды.

«Экономиканың барлық базалық саласында оң өсу  күтіліп жатыр. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9 пайыз өседі. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9 пайызға жетеді. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8 пайыз, сауда – 5,7пайыз көтеріледі. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тонна, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Үкімет отырысында үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы да мақұлданды. Ол ең алдымен мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындауға бағытталған. Премьер-министрдің айтуынша, 2025 жылға дейін Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейді.

«Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді. Бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыт болып отыр», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.


Новости партнеров