|
11.08.2020 | 14:08
3987

Елімізде ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулаған

Елімізде азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3 пайыз болды

Елімізде ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулаған Фото: Kapital.kz

Елімізде азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3 пайыз болды және инфляцияға негізгі үлесті қосуын жалғастыруда. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында биылғы 7 айдағы республикалық бюджетті орындау қорытындыларын талқылау кезінде мәлім етті.

Оның айтуы бойынша, нан-тоқаш өнімдері мен жармалардың, жеміс-көкөніс өнімдері бағасы өсуінің жоғары қарқыны сақталуда. Ал, ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны біршама баяулаған. Отырыста тағы қандай өзекті мәселелер қаралды? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Осы жылдың 7 айында республикалық бюджетке кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд. теңге болған. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев корпоративтік табыс салығының орындалмауына қандай факторлар әсер еткенін баяндады.

«Негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 16,1 пайызға төмендеуі, бұл тау-кен секторындағы ірі салық төлеушілерден түсетін түсімдердің 42,6 пайызға азаюына әкеп соқтырды. 830 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 184,3 млрд теңгеге төмендеуі, екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдердің 30 млрд теңгеге азаюы», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов негізгі капиталға 6,1 трлн теңге сомасында инвестиция тартылғанын айтты. Сондай-ақ, 7 айда тауар өндірісі 2,1 пайызға өскен. Экономиканың нақты секторында, атап айтар болсақ, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында өсім байқалған.

«Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда. Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, сондай-ақ, мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі байқалады. Бұл экономиканың өсуін тежеуші факторы болды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында машина жасауда, азық-түлік өнімдерін өндіруде, фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металл бұйымдарын өндіруде құрылыс саласында көрсеткіш жақсарғаны баяндалды.

Аймақтар бойынша айтар болсақ, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әлеуметтік-экономикалық дамудың 7 негізгі көрсеткішінің 5-уі бойынша өсім көрсеткен. Премьер-министр Асқар Мамин аймақ әкімдеріне белсендірек жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіруді тапсырды. Кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды да міндеттеді.


Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир