Елімізде электр энергиясының құны тағы қымбаттауы мүмкін. Жұртты жарықпен қамтамасыз етіп отырған 24 компания тарифті 40 пайызға дейін өсіруді сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елдегі 40 электр стансасының 24-і тарифін 40 пайызға өсірмекші. Компаниялар мұндай өтінішті Энергетика министрлігіне жолдаған. Алайда ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев жақында ғана электр энергиясының бағасы қымбаттағанын айтып, мәселені май шаммен қарайтынын жеткізді. Яғни өтініштің қаншалықты орынды екені тексеріледі.
– Әр өтініш жеке қаралады. Осының алдында тариф көтерілгенде, ол ақша жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің айлығын көтеруге бағытталады деп түсіндірген едік. Енді тағы 40 пайызға өсіруге өтініш білдірген. Ол толық қанағаттандырылмайды деп ойлаймын. Ары кетсе, 20 пайызға өсіруге болады. Одан артық халықтың қалтасына салмақ түседі, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің сөзінше, энергетика саласында кадр тапшы. Мәселен 57 мың орынның 4,5 мыңы бос тұр. Енді Энергетика және Жоғары білім министрлігі бірігіп, осы секторда тер төгетін мамандарды тартпақшы. Ол үшін 3 мыңға жуық грант бөлінген. Қызметкерлердің айлығы өсті.
– Электр энергиясын тарататын мекемелердің қызметкерлеріне айлықты 17 пайызға өсірдік. Қазір бұл мамандардың орташа жалақысы - 425 мың теңге. Сонымен қатар энергетик маман боламын дейтін студентерге грант санын көп бөлу шаралары жүргізіліп жатыр, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Үкімет отырысында елде салынайын деп жатқан 3 жылу электр орталығына қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болды. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов аталған нысандардың әрқайсысына 270 миллиард теңге жұмсалады деп болжап отыр.
– Қазір Көкшетаудағы жылу-электр орталығы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме аяқталуда. Семейдегі орталыққа қатысты негіздеме дайын. Ал Өскемендегі нысан бойынша негіздеме енді әзірленеді, – деді «Самұрық-энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Есте сала кетейік, былтыр жазда Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында апат болып, бірнеше энергоблок істен шыққан еді. Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев МАЭК-тегі жөндеу жұмыстарын осы жылдың бірінші тоқсанында аяқтаймыз деп уәде берді. Атом энергетикалық комбинатының жұмысын қалпына келтіру үшін Үкіметтің резервінен 2,4 милиард теңге бөлінген.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: ҚазҰУ-де электрохимиялық қаптамалар шығаратын ғылыми-өндірістік орталық ашылды