|
16.01.2024 | 19:39
3359

ҚазҰУ-де электрохимиялық қаптамалар шығаратын ғылыми-өндірістік орталық ашылды

Білім ордасы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

ҚазҰУ-де электрохимиялық қаптамалар шығаратын ғылыми-өндірістік орталық ашылды Almaty.tv

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай оқу ордасында электрохимиялық қаптамалар шығаратын ғылыми-өндірістік орталық ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студентпен ашылған университетте қазір 25 мыңнан астам білім алушы бар. Бір ғасырға жуық уақыт бұрын мұнда тек физика-математика және биология факультеттері жұмыс істесе, қазір олардың саны 16-ға жетті. Ұлттық университет қабырғасында әлемнің 54 елінен 4000-ға жуық шетелдік студент білім алып жатыр. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шарада оқу орнының жетістіктері сөз болды.

– Ғасырға жуық тарихы әсем Алматымен тығыз байланысты университет осы жылдары өзіндік академиялық дәстүрі қалыптасқан, еліміздің ең үздік ғалымдары мен оқытушыларды шоғырланған, әлемдік білім кеңістігіне танымал жетекші білім ордасына айналды. Іргетасы алғашқы жоғарғы оқу орындарының бірі болып қаланған университеттің Алматыдағы 35 оқу орнының ішінде, әлбетте, орны бөлек, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

– Университет ғалымдары жоғары білім мен іргелі ғылым арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға күш салуда. Ал 90 жылдық мерейтой аясында ауқымды жоба-жоспарлар түзіп отырмыз. Соның ішінде ең үлкен тартуымыз – университет ғалымдарының жаңа инновациялық ізденістері мен ғылыми жаңалықтары болмақ, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

90 жылдыққа орай білім мекемесі Орталық Азиядағы алғашқы индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құруды қолға алған. Жоғары оқу орны зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес, ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөледі. Соңғы үш жылда осы саладан түскен табыс 2 есеге өсіп, 8,5 миллиард теңгені құрады.

Мерейтой аясында білім ордасында жаңа бағдарламар іске қосылып жатыр.  Мәселен химия және химиялық технологиялар факультетінде электрохимиялық қаптамалар шығаратын ғылыми-өндірістік орталық ашылды. Мұнда метал өңдеудің жаңа технологиясы ұсынылады.

Жоба 2022 жылы ұтып алынғанымен, іске асыру өткен жылы жүзеге асырылған. Орталықтың ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім вице-министрі, университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар қатысты. Жобаны жүргізу өнеркәсіп секторының нақты сұранысына негізделген.

– Қазақстанда электрохимиялық технологияларды әзірлеумен айналысатын мамандардың тапшылығы бар және гальваникалық жабдықтарды өндірудің өзі елімізде қарқынды дамымаған. Жаңа ашылған орталықта мырыштау, никельмен қаптау және мыс өңдеу желілері орналасқан қойма бар. Өндіріс жылына он мыңдаған шаршы метр қаптамалар алуға мүмкіндік береді, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галеева.

Алдағы үш жылда Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақ ұлттық университеті құрылысының екінші кезеңі жүргізілмек. Әрқайсысы 1060 орындық заманауи 3 жатақхана құрылысы басталды. Бұдан бөлек, оқу корпустары, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, технопарк салу жоспарланған.

Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бостандық ауданында мемлекеттік балабақша ашылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир