|
12.07.2024 | 15:31
1896

Ұлттық банк базалық ставканы 14,25% дейін төмендетті

Проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр

Ұлттық банк базалық ставканы 14,25% дейін төмендетті Almaty.tv

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 14,25% дейін 25 базистік тармаққа төмендету жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы мамыр және маусымда жылдық инфляция, Ұлттық банктің болжамдары шегінде олардың орталық мәнінен төмен қалыптасып, біртіндеп төмендеп келеді. Халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі жоғары мәндерден кейін төмендеді.

Әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі мен Ресейде инфляцияның жеделдеуіне байланысты сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыздау болып отыр. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру мен тұтынушылық кредиттеу қолдайтын тұрақты ішкі сұраныстың, сондай-ақ жалғасып жатқан реттелетін бағалар реформасының салдарынан инфляциялық қысым сақталуда.

Ұлттық банк келіп түсетін деректерді, соның ішінде баға өсуінің тұрақты бөлігін және жалпы инфляцияның таргетке жақындау траекториясын бақылайтын болады. Алдағы тамыз айында болатын болжамды раунд аясында фискалдық саясаттың параметрлерін қоса алғандағы қалыптасатын тәуекелдер балансы, сондай-ақ бағамдық фактордың салдарынан ақша-кредит шарттарының жұмсару әсері бағаланады. Баға өсуінің бәсеңдеу үрдісін бекіту үшін және инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттары ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң қалпында сақталады.

Жылдық инфляция 2024 жылғы маусым айында 8,4%-ға дейін төмендеді және Ұлттық банктің болжамдары шегінде олардың орталық мәнінен төмен қалыптасты.

Баға өсуінің баяулауына азық-түлік тауарларының төменірек инфляциясы, сондай-ақ тарифтік реформаны іске асыру қарқынының бәсеңдеуі негізгі үлес қосуда. Осыған қарамастан, жылдық инфляция құрамында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы және нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтердің бағасы барынша өсіп келеді.

Маусымда айлық инфляция 0,4%-ға дейін баяулап, орташа тарихи мәндерден төмен (0,5%) қалыптасты. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляцияның көрсеткіштері алдыңғы айлардағы төмендеуден кейін маусымда аздап өсті.

Халықтың инфляциялық күтулері құбылмалы: олар сәуірдегі жоғары мәндерінен төмендеді, алайда теңге бағамының аздап әлсіреуіне байланысты маусым айында біршама өсті. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары бағаның нақты өсуіндегі төмендеу траекториясының әсерінен 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұрынғыға қарағанда төменірек инфляцияны күтеді.

Сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыздау болып отыр. Әлемдік нарықтарда азық-түлік құны былтыр айтарлықтай төмендегеннен кейін соңғы айларда біртіндеп өсе бастады. Атап айтқанда, өсімдік майлары мен сүт өнімдерінің бағасы жоғарылады.

Сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң қалпында сақталып отыр. АҚШ ФРЖ инфляцияның мақсатқа жақындайтындай сенімді белгілері көрінгенше мөлшерлемелерді төмендетуді жоспарлап отырған жоқ. Ал ЕОБ базалық инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуіне байланысты ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз ұсталған мөлшерлемелерді төмендетуге кірісті. Ресей Федерациясының Орталық банкі инфляцияның өсу үрдісі жалғасқандықтан қатаң ақша-кредит шарттары ұзағырақ уақыт сақталатынын күтіп, мөлшерлеме көтеріледі деп болжайды.

Экономиканың қысқамерзімді экономикалық индикаторға сәйкес өсуі 2024 жылғы қаңтар-мамыр айларында ж/ж 3,7% қалпында бағаланып отыр. Іскерлік белсенділікке ішкі және сыртқы сұраныс қолдау көрсетіп келеді. Ішкі сұраныстың тұрақтылығына фискалдық ынталандырудың жалғасуы, нақты жалақының көтерілуі, сондай-ақ шикізатқа қатысы жоқ сектордағы инвестициялардың кеңеюі ықпал етіп отыр. Ұлттық Банк бақылайтын іскерлік белсенділік индикаторлары бірнеше ай қатарынан оң аймақта қалды.

Проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Сыртқы орта жағынан олар Ресейдегі жоғары инфляцияға және азық-түліктің әлемдік бағасының көтерілуіне байланысты, ал ішкі ортада бюджеттік саясат параметрлерінің белгісіздігіне, реттелетін бағалар саласындағы реформалардың жалғасуына, орнықпаған инфляциялық күтулер мен өсіп жатқан тұтынушылық кредиттеу әсер ететін тұрақты ішкі сұраныстың сақталуына байланысты.

Ұлттық банк келіп түсетін деректерді, соның ішінде баға өсімінің тұрақты бөлігін және жалпы инфляцияның таргетке жақындау траекториясын бақылайды. Алдағы тамыз айында болатын болжамды раунд аясында фискалдық саясаттың параметрлерін қоса алғандағы қалыптасатын тәуекелдер балансы, сондай-ақ бағамдық фактордың салдарынан ақша-кредит шарттарының жұмсару әсері бағаланады.

Баға өсімінің бәсеңдеу үрдісін бекіту үшін және инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттары ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң қалпында сақталады.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 29 тамызда жарияланады.

Оқи отырыңыз: Бақшасы жеміске емес, көкнәрға толы зейнеткер анықталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир