Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамы бойынша авиация саласындағы операциялық кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Оның сөзінше, Азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар қатынауы көп болған. Ал, биыл Түркістан мен Шымкентте әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын іске қосу жоспарланып отыр.
«Түркістанда жоспарланған құрылыс бойынша барлық жұмыстардың 50 пайызы аяқталды. Жолаушылар терминалы, содан кейін ғимараттың металл конструкциясын монтаждау бойынша жұмыстар аяқталуда. Ұшу-қону жолағы мен перонның үшінші қабаты төселді. Басқа қосалқы өндірістік объектілер бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Сонымен қатар Үкімет отырысында биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожолдарды салу және қайта қалыпқа келтіру жұмыстарында 200 мыңнан астам қазақстандық еңбекпен қамтылатыны белгілі болды. Жөндеу жұмыстарына «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттен 680 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар, жолаушылар тасымалы өткен жылға қарағанда 2 жарым пайызға, жүк айналымы 1 жарым пайызға артпақ.
«2,6 мың шақырым жол пайдалануға беріледі. Биыл республикалық маңызы бар жолдарда да пайдалануға беру көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар 3,5 мың шақырым жол жөндеуден және құрылыстан кейін пайдалануға беріледі. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жұмыс жүргізілген жоқ, сондықтан біздің міндетіміз – оларды толығымен орындау», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.