Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың Индустриялдық аймағындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Бүгінгі таңда аймақ аумағында 39 жоба мақұлданып, 6 кәсіпорын пайдалануға берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың қатарында жылыжай кешені, қағаз қаптарды, оргтехникаға арналған картридждерді, өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерін, кабель өнімдерін, скотч пен стрейч-пленкаларды өндіру зауыттары бар. Іске қосылған кәсіпорындардың жалпы инвестиция сомасы 24,4 млрд. теңге. Мұнда 385 жұмыс орны ашылды. 2019 жылдың соңына дейін 67 млрд. теңге сомаға жеті жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ол 1500 адамды жұмыс орнымен қамтымақ.
Шаһар басшысы сондай-ақ, Алатау ауданында «Алматы-2020» бағдарламасы аясында салынған және заманауи жабдықтармен жабдықталған жедел медициналық жәрдем стансасының жаңа ғимаратын аралап көрді. Одан өзге, JCI халықаралық аккредитациясына дайын №17 қалалық емхананың қызметімен танысты. Сондай-ақ, елдегі баспа-полиграфия саласының мамандарын дайындайтын жалғыз оқу орны болып табылатын полиграфия колледжін көріп шықты.