Нарыққа дақылдардың жаңа түрі шығарылуы мүмкін
Қызылордада күріштің 25 түрі сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мақсат - нарыққа күріш дақылының жаңа сортын шығару. Аталған тәжірибе тез пісіп, мол өнім беретін, әрі өңірдің климатына төзімді тұқым түрін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта биыл институттың егіс алқабына 600 гектар өнім егу жоспарланған екен. Бүгінде оның 500 гектарына күріш егіліп, суға бастырылып тұр. Ғалымдар бұл аумаққа Түркия, Вьетнам, Италия, Қытай, Ресей және Украинадан әкелінген тұқымды жерсіндіріп, бақылауға алған. Ал, егілген 25 сорттың 16-сы жаңадан келген сынамалық сорт болса, қалған 9-ы бүгінге дейін өндірісте қолданылып жүрген түрлері.
- Бізде жоғары өнімді сорттар көп шықпай жатыр. Сол себепті шетелден сорттар келеді. Олар біздің ауа райы жағдайында қалай болады, жерсіне ме деген сауал көп. Жаңа сорттарды бізге өндіру үшін осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жайымыз бар, - деді Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Айдос Жалбыров.
Мамандар осыған дейін қолданыста болған ресейлік сорттардың өнімділігі азайған дейді. Биылғы егін науқанының тағы бір жаңалығы - дрон арқылы тұқым себу. «Жаңа технологияның басты ерекшелігі - уақыт пен өнімді шығындамайды» дейді агрономдар.
- Артықшылығын атасам, керек жерімізге ғана сеуіп аламыз. Мысалы, дельта планмен себетін болсақ, арықтың жағасы, кеспелдек, тік атыз, оқ атыз, соның бәріне бей-берекет себіледі. Ал дронмен күріштің үстіне керек жерімізге ғана сеуіп аламыз. Қауіпсіздік жағынан да жақсы, - дейді Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас агрономы Жәнібек Кәриев.
Оқи отырыңыз: Өнім бағасы қымбаттаған: Үкімет басшысы министрлер мен әкімдердің жұмысын сынға алды