Осы жылдың 1-тоқсанында мемлекеттік бюджетке 3,6 трлн теңге салық түсімдері түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
«Өткен жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе немесе 1 520,9 млрд. теңгеге өсті, оның ішінде республикалық бюджет 100,2% орындалды»,- делінген ведомствоның хабарламасында.
Жалпы, 2022 жылғы 1-тоқсанда электронды шот-фактуралар деректері бойынша үй қызметшісін жалдайтын және өзі тұтыну үшін тауарлар мен қызметтер өндіретін үй шаруашылықтары қызметі 3,6 есеге, өнер, ойын-сауық және демалыс 1,8 есеге, өзге де қызмет түрлерін ұсыну 1,7 есеге, кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу 1,6 есеге, ақпарат және байланыс 58,1%-ға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет 44,7%-ға, құрылыс 29,9%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығы 29,6%-ға, білім беру 26,9%-ға, көтерме және бөлшек сауда 24,8%-ға және өнеркәсіпті өңдеу 22,8%-ға өсті.
2021 жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда Республикалық бюджет түсімдердің ең көп сомасы мұнайға салынатын корпортативті табыс салығы бойынша 502,2 млрд теңгеге немесе 2,3 есе, ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы 408,7 млрд теңгеге немесе 5,9 есе және экспорттық кеден баждары бойынша 212,2 млрд теңгеге немесе 2,2 есе өскені байқалады.